Шырша мерекесінде инспекторлар кезекшілік жасайды
Облыста Жаңа жылдық шырша мерекесі өткізілетін орындарда өртке қарсы қызмет инспекторлары кезекшілік жүргізетін болады. Әсіресе өрт сөндірушілердің назарына балабақшалар мен оқу орындары алынған.
-Шығыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 729 оқу мекемесі мен 160 балабақша бар. Жаңа жылдық шырша мерекесі кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өртке қарсы қызмет мамандары кісі аяғы қалың жерде кезекшілікте болады. Инспекторлар шыршалар орнатылған жерлердегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын ерекше бақылауға алады, - дейді ШҚО бойынша ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Шегетаев.
Мерекелік шаралар алдында ұйымдастырушылар мен персоналдар арнайы инструктаждан өтеді. Мамандар басқа жаққа көшіру жолдарын, өрт сөндіру құралдарының саны мен сапасын, өрт шыға қалса тұрғындарға хабарлау жүйесінің қызметін тексереді.