KZ
Өскемен
+24°
ясно жел 4 м/с, ОШ
440.92 475.36 4.82

Шырша мерекесінде балғындар облыс әкімінің планшеттеріне ие болды

23.12.2013, 18:00 144



Кеше Өскемендегі Жекпе-жек сарайында облыс әкімінің шырша мерекесі өтті. Мерекеге өз қатарының алдынан көрінген оқу озаттары, жетім балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың, сондай-ақ, патронаттық отбасыларының тәрбиеленушілері, барлығы 150-ден астам бала қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ол делегациялардың барлығы да облыс орталығындағы мектептер мен колледждердің шеф-педагогтарына бекітілген екен. Киімдері арқылы жыл он екі айдың кейіпкер иелерін бейнелеген балалар әр адамды бейне бір ертегі әлеміне енгізіп жібергендей көрінген. Әсіресе, қазақтың бүрме етекті көйлегі мен қынама бел камзолдарын киген қыздар бұрала билеген тұс кімнің есінен кетер!

Жыл айналып, жыл келді,
Мерекеге ұласып.
Бүкіл елге нұр берді,
Жылан жылы қыр асып, – деген мереке бастаушысының сөзіне ілесе әдемі әуен әуелеп жүре берді Жекпе-жек сарайын. Одан кейін балалар жүрегіне жылылық пен бір керемет қуаныш ұялатқан облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың арнау сөзі болған.

Шырша мерекесінде балғындар облыс әкімінің планшеттеріне ие болды

– Ардақты балалар, құрметті ата-аналар мен мұғалімдер! Біз бүгін міне-міне есігімізді қаққалы тұрған жаңа, Жылқы жылын жақында ғана пайдалануға берілген Жекпе-жек сарайында қарсы алып тұрмыз. Біз спорт нысандарын және басқа да ғимараттарды балаларымыз спортпен шұғылдансын, сөйтіп, денсаулықтарын нығайтып, үлкен-үлкен жетістіктерге қол жеткізсін деген ниетпен тұрғызып келеміз. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы біздің жерлесіміз Ольга Рыпакова Олимпиада чемпионы болды. Жақсы оқи жүріп, спорттық биіктерді бағындырған Ольгадан сіздер үлгі алуларыңыз керек. Ал Елбасымыздан бастап, барлық үлкендер сіздердің киімдеріңіз жылы, тамақтарыңыз тоқ болуы үшін барлық жағдайды жасап, қамқорлық көрсетуде. Бәрі де өздеріңе, өздеріңнің талап-мақсаттарың мен ұмтылыстарыңа байланысты. Сіздердің араларыңызда небір халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары мен байқаулардың жүлдегерлері бар. Дарынды бала көп болған сайын еліміз де көркейе түседі. Мен облыс басшылығы атынан барлықтарыңызды Жаңа жылмен құттықтаймын. Ең бастысы, дендеріңізге саулық берсін! Оқыңдар, оқыңдар және оқыңдар. Байлықтың барлығы тек біліммен келеді!

Шырша мерекесінде балғындар облыс әкімінің планшеттеріне ие болды

Бұл тілекті шырша айналып, дөңгелене, қол ұстаса билеп жүрген балалар да, думанға жиналған ата-аналар да ерекше қол шапалақтап қабыл алды. Содан соң-ақ балалардың жергілікті театрдағы аға-апаларының өнеріне зер салып, ән мен биге ерік бергені бар. Қойылымдар биыл өзгеше реңк алыпты. Ал бір мезетте Жекпе-жек сарайының қабырғаларына орналастырылған үлкен экраннан дәл өздеріндей жасөспірімнің құттықтау айтқаны балаларды онан сайын еліктіре түскен. Бұл Күршім ауданындағы балалардың телекөпір арқылы құттықтауы еді. Ал арада көп уақыт өтпей, әні мен биі араласа төгілген мерекеге қатысушыларды шемонайхалық қатарластары құттықтағанда балалар тіптен дуылдасып кетті.

Мерекеге бұл өзгешелікті кіріктірген облысқа белгілі режиссер С.Астраханцев екен.
– Аудандармен жалғастырылған онлайн кестесіндегі бұл байланыстан басқа мерекеге шырша айналасында жаппай ән салу енгізіліп отыр, – дейді қоюшы-режиссер Сергей Астраханцев. – Олай істеуге мына залдың кеңдігі мүмкіндік туғызды. Ал сценарийге келсек, барлық бала Ару-
Астана мен Бейбіт-батырға қосылып, Жылан жылы «ұрлап әкеткен» Жылқы жылын іздейді. Ең соңында олар шынымен де жыл басы – Жылқымен жүздесіп, мақсаттарына қол жеткізеді.

Шырша мерекесінде балғындар облыс әкімінің планшеттеріне ие болды

Бұл мерекені әнмен әспеттегендер аз болған жоқ. Солардың арасынан әсіресе, «Нұрорда» мектебінің екінші сынып оқушысы Жәнел Тоқанның «Мен бақытты баламын» атты әні балғындардың көңілін бір серпілтті.

Тегі, пәктік, періштелік және әдемілік символы балалар ғана болса керек. Облыс әкімінің осы бір шырша мерекесінде соның үшеуі де үстемдік құрып тұрды. Және бейкүнә күлкілер! Сол бақытты жүздер облыс әкімі атынан таратылған планшеттер мен дорба толы тәттілер қолдарына тигенде одан сайын бал-бұл жанды. Өйткені, бұл күн олардың әрқайсысының көңілінде ең бақытты шақ болып қалған еді...

Ғафура Сәрсенбайқызы
суреттерді түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив