«Торпедо» ондықтың қатарында
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 28-ші турында өз айдынында Учалы қаласының «Горнягын» қабылдаған Мисхат Фахрутдиновтың командасы 4:2 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі алғашқы ондықтың қатарында енді.
Естеріңізге салайық, осыдан екі апта бұрын «Торпедо» башқұртстандық командамен сырт айдында кездесіп, қарсыласын 9:4 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Өскемендегі кездесуде де оңай жеңіске жетеміз деп топшылаған болуы керек, торпедолықтар матчты сылбыр бастады.
Мұны байқаған қонақтар айдында батылырақ қимылдай бастап, Роман Смирягиннің қақпасына бірнеше қауіпті соққы жасады. Өкінішке қарай, соның екеуі нысанаға дөп тиді. Сөйтіп, қонақтардың ойыншылары Сушинский мен Сетдиковтың дәл соққыларынан кейін кездесудің 26-шы минутында таблодағы есеп 0:2-ні көрсетіп тұрды.
Дегенмен, «Торпедо» есін тез жиды. Ойынның екінші кезеңі аяқталмай жатып шабуылшылар Кори Тривино және Тэннер Соренсонның көмегімен таразы басын теңестіріп үлгерсе, соңғы жиырмаминуттықта дәл сол Тривино мен қорғаушы Руслан Ибатуллиннің шайбалары арқасында жеңісті жұлып әкетті. Қорытынды есеп 4:2!
Осы жеңісінен кейін 46 ұпай жинаған «Торпедо» турнир кестесінің 10-шы орнына көтерілді. Кеше өскемендік команда өз айдынында Төменгі Тагилдің «Спутнигін» қабылдады. Айта кетейік, бұл екі ұжым арасындағы биылғы маусымдағы алғашқы кездесуде жерлестеріміз 1:3 есебімен қарсыласына жол берген болатын.