KZ
Өскемен
+22°
переменная облачность жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Сырт айдындағы ойындар сериясын жеңіспен бастады

5.02.2018, 04:11 140

«Торпедо» сырт айдындағы ойындар сериясын жеңіспен бастады. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті турында Новокузнецк қаласында жергілікті «Металлургпен» кездескен өскемендік команда қарсыласын қосымша уақытта тізе бүктірді.


Негізі, бұл ойын жерлестеріміз үшін аса сәтсіз басталғанын айту керек. Кездесудің 12-ші және 19-шы минуттарында өз қақпасына екі шайба жіберіп алған торпедолықтар матчтағы бірінші үзіліске есепте 0:2 есебімен ұтылып жатып кетті.


Дегенмен екінші кезеңге өскемендік хоккейшілер мүлдем басқа көңіл-күймен шықты. Үзілісте команданың бас бапкері Мисхат Фахрутдиновтан көбірек шабуылдау жөнінде кеңес алған болуы керек, жерлестеріміз екінші жиырмаминуттықта қарсылас қақпасына соққыларды қарша боратты. Соның бірі нысанаға дөп тиді. Шайба авторы – шабуылшы Роман Бердников.


Мұз айдынындағы жағдай үшінші кезеңнің соңына қарай өзгерді. Қарсыластарына қарағанда әлдеқайда жиі шабуылдаған торпедолықтар ақыры дегендеріне жетті. Кездесудің 56-шы минутында қорғаушы Джордон Сауторнның пасын ұтымды пайдаланған қазақстандық шабуылшы Аркадий Шестаков таразы басын теңестірді.


Ал қосымша уақытта Владимир Коротковтың көмегімен жеңісті жұлып әкеткен «Торпедо», осылайша қоржынға кезекті ұпайды салды. Қорытынды есеп – 3:2. Бұл ойында біздің хоккейшілер айдын иелерінің қақпасына 82 соққы бағыттағанын да айта кеткен орынды болар.


Осы жеңісінен кейін 87 ұпай жинаған өскемендік команда турнир кестесіндегі алтыншы орынын сақтап қалды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив