KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 2 м/с, В
443.44 480.51 4.88

Өскеменде «Шеберлік баспалдақтары» атты қолөнер көрмесі өтіп жатыр

9.10.2017, 09:48 115

Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының Қ. Қайсенов көшесі 67-үйдегі ғимаратында «Шеберлік баспалдақтары» атты көрме ашылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан көрмеге 50-ден астам халықтық және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің 200-ден астам жұмысы қойылған.

Тегінде кез келген шебердің мақсаты - өсу, шыңдалу болса керек. Тынымсыз ізденген, алға ұмтылған шебер ғана шын мәнінде шығармашылықтың шынайы ләззатын басынан кешпек. Ал өзінің тар шеңберінен шыға алмау, бір ізді қайта-қайта шиырлау – шебер үшін нағыз азап. Осы орайда көрме тақырыбының «Шеберлік баспалдақтары» деп аталуы әсте тегін болмаса керек. 50-ден астам шығысқазақстандық халықтық және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдары қойылған бұл көрмеден тіс қаққан тәжірибелі шеберлердің жұмысымен қатар өнер әлеміне енді ғана қанат қаққан жастардың да қолынан шыққан туындыларды тамашалауға болады. Шығыс шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар сан алуан. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген шеберлердің әр туындысын тамашалаған сайын сіздің де қиялыңыз көкке самғап, шарықтағандай болады. Дәстүрлі және заманауи тәсілдерде орындалған туындылар келушілерге ерекше бір тәтті сезім сыйлайды.

Жалпы, халық арасынан шыққан қолөнершілердің асқан ыждаһатпен айналысатын ісі – киіз басу. Семейдегі «Айша бибі» мәдени орталығының жетекшісі Айман Боқпасарова - осынау ұлттық өнерімізді заманауи тұрғыда дамытып жүрген шеберлердің бірі. Өзінің айтуынша, ол текемет басу, сырмақ сыру, алаша тоқуды бала кезінен көріп, біліп өскен. Биыл жазда ол өзінің қолынан шыққан бұйымдарын халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне де апарыпты.

- Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында Қазақстан бойынша ең көп шеберлер Семей өңірінде болды. Барлығы 234 шебер болған. Сол шеберлердің көзін көрген, тәлімін алған ұрпақты жарыққа шығару үшін мен жеті жыл бойы аймақаралық байқау ұйымдастырып, жұмыс істеп келемін, - дейді Айман Боқпасарова.

Ал А.Сейілбек пен С.Мұқаметбек қазақтың ұлттық кілемдері –тұскиіздер мен басқа да бұйымдарды дәстүрлі «бізкесте» техникасында өрнектепті. Көрмеден ағаштан жасалған бұйымдар да мол орын алған екен. Әсіресе, зыряндық шебер В.Анисимовтің қайың қабығынан жасалған бұйымдары келушілердің назарын өзіне аударды. Сондай-ақ, көрмеге алғаш рет қатысып отырған В. Шевченконың ағаштан ойып жасаған мүсіндері тақырыбының әралуандығымен ерекшеленіп тұр. Сүйекпен жұмыс істейтін Т.Әлімжановтың композициялары да көңіл аударарлықтай. Ал С. Лыкованың керамикадан жасаған кәдесыйлары көрмеге келген адамның жүзіне күлкі үйірілтері сөзсіз.

Экспозицияда Халықтар Достығы үйі – ШҚО қоғамдық келісім орталығы жанындағы украин мәдени орталығының «Чаровница» үйірмесіне қатысушы шеберлердің кестелеу жанрында орындаған дүниелері де үлкен орын алады. Сондай-ақ, көрмеде интерьерлік қуыршақтар мен кәдесыйлар да молынан кездеседі.

- Біз бұл көрмені жыл сайын өткіземіз. Әр жолы қандай да бір жаңа есімді табуға, оларды қолдауға тырысамыз. Мұндай көрмелерге қатысу шеберлердің шығармашылық тұрғыдан дамуына үлкен әсер етіп, ілгері жылжуына ықпал жасайды, - дейді аталған музей директорының көрме –экспозиция жұмысы жөніндегі орынбасары Тамара Быкова.

Аталған көрме бір ай бойы келушілерге қуаныш сыйламақ.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив