Көкпектіде Бармақ батырды еске алуға арналған дүбірлі той өтті
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Көкпекті ауданында қазақтың әйгілі батыры Уақ Бармақ батырдың бейітіне құлпытас орнатылды. Бұдан бөлек, аудан орталығында батырдың құрметіне кеудемүсін ашылып, «Уақ Бармақ батыр тағылым және рухани жаңғыру» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл күні көптен күткен мерекені аудан жұртшылығы мен барша қонақтар ерекше ықыласпен қарсы алды. Алдымен Биғаш ауылдық округіндегі батырдың бейітіне барып, құран бағыштап қайтқан көпшілік бұдан соң аудан орталығына қарай ағылды. Мұнда Уақ Бармақ батыр кеудемүсінінің ашылу салтанаты өтті. Онда аудан әкімінің кеңесшісі Ерлан Қалдыбаев пен батырдың ұрпақтары сөз сөйлеп жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
– Қазақ тарихында елеулі орны бар, жаугершілік заманда елімізді қорғаған әйгілі батырдың ұрпақтары бүгінде баба рухына тағзым етіп, құлпытас пен кеудемүсін тұрғызды. Соған орай, Көкпектіде дүбірлі той өтуде. Мұның бәрі болашақ ұрпақты отансүйгіштік пен ауызбіршілікке тәрбиелеп, бай тарихымызды насихаттауға септігін тигізеді, – деп атап өткен Ерлан Қалдыбаев мұндай жауапты міндетті атқаруда жұдырықтай жұмылған көкпектіліктерге және батырдың ұрпақтарына шексіз алғысын білдірді.
Кеудемүсіннің тұсаукесерінен кейін Көкпекті ауылында ас беріліп, құран-хатым оқылды. Бұл күні көпшілікке арналып жайылған ақ дастарқаннан дәм татпай кеткен ешкім болмады. Тіпті, ел ішіндегі еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін елеусіз қалған жоқ.
Түс ауа көпшілік қауым аудандық мәдениет үйінің алдына жиналды. Мұнда Уақ Бармақ батыр тақырыбына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиынды Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай ашты. Бармақ батырдың ұрпағы, ветеринария ғылымының кандидаты, доцент Қуандық Нұршин. «Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрестің қаһарманы Уақ Бармақ батырдың ерлігі және өмір жолдары» деген тақырыпта баяндама жасады. Оның жан-жақты пысықталған баяндамасын тыңдарман қауым жоғары бағалады. Конференция барысында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Кәрімов «18 ғасырдағы қазақ даласындағы батырлар институты» атты баяндамасында Уақ Бармақ батырдың тарихтағы орнын ашып көрсетуге тырысты. Ол өз сөзінде батыр бабаның ел тыныштығы жолында жүргізген шайқастары мен алысты болжай біліп, бейбітшілік үшін жасаған қадамдарына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Қайрат Малғаждаров «Бармақ батыр зиратының табылуы және белгіленуі» тақырыбында сөз сөйлеп, Көкпекті ауданының аумағында басқа да киелі орындардың жеткілікті екенін атап өтті.
Бәйгеден ешкім құр алақан қайтқан жоқ
Келесі күні таңертең атсүйер жұрт Көкпекті ауданына кіреберістегі бәйгетөбенің басына қарай ағылды. Бәйгеге жиыны қырыққа жуық жүйрік қатысты. Атшабардың шаңын аспанға көтерген жүйріктер 5, 15 және 25 шақырымдық қашықтықта жарысты. Аламан бәйгеде көмбеге бірінші болып семейлік Шыңғыс Каримовтың аты келді. Оған 500 мың теңге берілді. Екінші келген аттың иесі Көкпекті ауданы Сарыбел ауылының тұрғыны Сайран Жолдыбаев 250 мың теңгеге ие болды. Ал мәре сызығына үшінші болып тассайлық (Көкпекті ауд.) жүйрік келді. Оған 150 мың теңгенің сертификаты табысталды. Бұл күні көпшілік қауым жорға жарысы мен топ бәйгені де тамашалады.
Жалпы, осынау тойдың жоғары деңгейде өтуіне Көкпекті ауданы Биғаш ауылының тұрғындары, Уақ Бармақ батырдың ұрпақтары және басқа да адамдар қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Көкпектіде өткен дүбірлі тойға қостанайлық жеке кәсіпкер, «Еңбек Ері» атағының иегері Алмат Тұрсынов ерекше атсалысыпты.
– Батыр баба рухын дәріптеген аталмыш мереке барша қауымның көңілін серпілтіп, рухын көтеріп тастады. Ел шетін жаудан қорғаған тарихи тұлғаларды әспеттеу арқылы біз кейінгі жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін ұялатамыз. Меніңше, келешек ұрпақ өткен тарихқа құрметпен қарауы үшін алдыңғы толқын ұдайы үлгі-өнеге көрсетуі тиіс, - дейді Алмат Тұрсынов.