Өскемендегі көпқабаттың үйлердің аулалары жөнделеді
Биылдан бастап облыс орталығындағы аулалар абаттандырылып, күрделі жөндеуден өткізіледі. Облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба бойынша тұрғын үй аулаларында балалар ойнайтын алаңмен қатар спорттық-тренажерлік алаңдар жабдықталып, кіре беріс жолдар кеңейтіледі. Сонымен бірге арнайы автокөлік тұрақтары жасалып, көгалдандыру, жол жөндеу жұмыстары жалғасады.
Бүгінде облыс орталығында 1671 көппәтерлі үй бар. Олардағы аула саны-941. Жөндеуді қажет ететін 311 аулада 2018-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңмен абаттандыру, жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл мақсатқа бюджеттен 2018 жылы 2,369 млрд, 2019 жылы 2,392 млрд, 2020 жылы 2,392 млрд теңге бөлу көзделген. Бір аулаға шамамен 23 млн.теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қала күні мерекесінде Питер Коммунарлары көшесіндегі аулаларды аралаған облыс әкімі Даниал Ахметов бір-бір жарым айдың көлемінде бұл аула адам танымастай өзгереді деп тұрғындарды қуантып тастады.
- Өскемен көшелерін жарықтандырып тұрған барлық шамдарды үнемді шамдармен ауыстырамыз. Бұл шамдар 40 пайызға үнемді болғандықтан, шығындарымыз бес жылда-ақ ақталады. Ал бұрынғы көше шамдарын барлық аулаларға орнатамыз. Кешқұрым балаларыңыз мен немерелеріңізді алаңсыз серуендетуге болады,-деді өңір басшысы. Өскемендегі жүгіру жолы еліміздегі ең ұзын жол екенін біреу білсе де біреу білмес. Ал келесі жылы ол 19 ықшамауданға дейін жалғасып, қос қапталына ағаштар отырғызылатын болады.
Облыс әкімінің айтуынша, көшелерден алынған 12000 шам алдымен мектептер мен балабақшалардың, ауруханалардың, содан кейінгі кезекте тұрғын үйлердің аулаларына орналастыратын болады. Аулалар жарықтандырылған соң «Қазақтелеком» компаниясының келісімімен подъездердің маңына бейнекамералар қойылады. Биыл Сәтпаев даңғылы, Славский атындағы жағалау, Астана көшесіндегі жолдар кеңейтіліп, жөнделіп жатыр. Асфальт сапалы төселуі үшін жолдар жауылып, жөндеу жұмыстары барлық талаптарға сай жүргізілуде.
Қала әкімі Қуат Тұмабаевтың сөзіне қарағанда аулаларды жөндеу, жол жөндеу жұмыстарын қаржыландыру былтырға қарағанда екі есеге өскен.
– Ауламыздың жақын уақытта жаңартылып, жарықтандырылатынына өте қуаныштымыз. Балалар ойнайтын алаңға жұмсақ төсеніш төселіп, жаңа орындықтар қойылады екен. Маңайдағы жолдар да асфальтталып, тұрмыстық қатты қалдықтар салатын арнайы орындар да жөнделмек. «Үлгілі аула» жобасын біздің көшеден бастағаны үшін облыс әкіміне алғысымыз шексіз,-дейді көше тұрғындары атынан ризашылығын білдірген Мәзен Жексенбаева, Сәуле Аманайқызы.
Кездесу барысында көше тұрғындары түнгі және таңертеңгі уақыттардағы поездардың шуына байланысты шағымдарын айтты.
–Көшеге таяу маңда теміржол орналасқан, ал тұрғын үйлер қатты шудан қорғалмаған,-дейді тұрғындар. Облыс әкімі Даниал Ахметов болашақта дыбыс оқшаулағыш орнату мүмкіндігін қарастыратындығын айтты.