Жылына 100 аула жөнделеді
Үш жылда Өскемендегі үш жүзден астам аула күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Кеше Питер Коммунарлары мен Космическая көшелеріндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, оларды жаңарған аулаларымен құттықтаған облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді.
Айта кетейік, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап қолға алынған жоба аясында 2020 жылға дейін шаһардағы 310 ауланың кіреберіс жолдары мен көлік тұрақтары кеңейтіліп, балаларға арналған ойын алаңқайлары жөнделетін болады.
Бүгінде осындай аулалардың алғашқыларында тиісті жұмыстар аяқталып та қойды. Алдымен, Питер Коммунарлары, одан кейін Космическая көшелерінде орналасқан аулалар тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы келер жылы бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылатынын хабарлады.
– Үш жылда облыс орталығындағы үш жүзден астам көшені адам танымастай өзгертеміз. Бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Мәселен, 2018 жылы Өскемендегі 100 ауланы абаттандыру, жөндеу жұмыстарына бір миллиард теңге көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Әрине, мұндай шаруа қаланың барлық ықшамауданында жүргізілетін болады. Әсіресе, көп жыл бойы жөндеу көрмеген шалғай аулаларға басымдық берілмек, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Жаңарған аулаларды аралау барысында атқарылған жұмысқа жоғары баға берген аймақ басшысы кезекте тұрған аулаларды да дәл осылай, сапалы жөндеу керектігін айтып, осы жөнінде құзырлы мекемелерге тиісті міндеттер жүктеді.
Тындырылған шаруа, шынымен де, айтуға тұрарлық. Питер Коммунарлары көшесіндегі №20, 22, 24 және 26 үйлердің аулалары жаңадан пайдалануға берілген көпқабатты үйлердің аулаларынан еш кем түспейді. Мұнда сужаңа балалар алаңқайы мен street workout алаңы бой көтерген. Балалар ойнайтын алаңға жұмсақ төсеніш төселіп, жер-жерде жаңа орындықтар қойылған. Тұрмыстық қалдықтар салатын арнайы орындар да қалпына келтірілген. Ауладағы кіреберіс жолдардың ені үш жарым метрге дейін кеңейтіліп, 25 көлікке арналған автотұрақ пайда болған. Бұған қоса, бір ғана ауланың өзінде бірнеше бейнекамера орнатылған. Бұл өз кезегінде ықшамаудан мен аулалардағы қоғамдық тәртіпті нығайтып, құқықбұзушылық санын азайтуға септігін тигізуі тиіс, дейді мамандар.
Дәл осындай жұмыс шаһардың Космическая көшесінде орналасқан №21 және 21/1 үйлердің ауласында да атқарылыпты.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен хабарлағандай, бүгінде облыс орталығында 1 671 көппәтерлі үй бар болса, олардағы аулалардың саны 941-ге жетеді екен. Яғни, айналасы үш жыл ішінде қаладағы аулалардың үштен бірі күрделі жөндеуден өткізілмек.