KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Қоңырәулие үңгірі танымастай өзгерді

11.09.2017, 04:12 216

Облыс әкімі Даниал Ахметов және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Абай ауданында болып, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты.


Аймақ басшысы және мәртебелі мейман Абай ауданындағы киелі орындардың бірінде болды. Ол аудан орталығы – Қарауыл ауылынан шамамен 80 шақырым жерде орналасқан Қоңырәулие үңгірі. Бағзы заманнан қасиетті саналған, бұл жер жергілікті халықтың да, шетелдік туристердің де назарын аудартуда.

Даниал Ахметов осыдан екі ай бұрын аудан басшылығына тарихи және мәдени ескерткішті жөндеуді, келушілер үшін қажетті жағдай жасауды, киелі орынды насихаттауды тапсырған болатын. Осыған орай қаржы бөлініп, қарқынды жұмыс басталып та кеткен.


Аудан басшысы Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің айтуынша, облыс әкімінің қолдауы арқасында қысқа мерзімде мұнда жергілікті компанияларды тарта отырып, біраз шаруаның басы қайырылған.

–Үңгір толық тазартылды, көп жылдан бері оның қабырғаларына ыс тұрған. Бұрындары адамдар мұнда от жағып кіретін, сосын өздерінен кейін қоқыс қалдыратын. Қазір үңгір іші танымастай өзгерді, – дейді ол.


Үңгірге кіреберіске шатыры бар арнайы орынжай салынған. Оған дейін және үңгір ішіне ағаш баспалдақтар салыныпты, жолда және жерасты көлінің жағасында тыныстайтын сәкілер орнатылған. Қасиетті суға түсуге ниет еткендерге жағдай жасалған.


– Аймақ басшысының тапсырмасына сай нысан аудан балансына өтті. Бұл оның қарқынды дамуына мүмкіндік береді, – деп атап көрсетті Тұрсынғазы Мүсәпірбеков.


Даниал Ахметов имаратты қарап шығып, балқарағайдың тектен-тек таңдалып алынбағанын айтты. Өйткені бұл ағаш ылғалға төзімді, дымнан керісінше нығая түседі екен.


Мұхтар Құл-Мұхаммед «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Елбасының шешімімен Тәуелсіздіктің ең қиың жылдарында Абайға еңселі ескерткіш орнатылғанын, онымен қоса Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында, оның бас хатшысы Федерико Майордың қатысуымен дүркіретіп өткізілгенін тілге тиек етті. Абай тек ұлы ақын аған емес, ол – ұлт ұстазы. Елбасының өзі оның шығармашылығына жиі-жиі жүгініп отырады, жастарды Абайдан үлгі алуға үндейді.


–Қоңырәулие үңгірі – киелі орын, мұнда Абай болған, бірнеше рет Мұхтар Әуезов те келген. Сондықтан осындай қастерлі орындар кез келген туриске қолжетімді болуы тиіс. Шығыс Қазақстанда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Шаруалар аяқталған соң Қоңырәулие бұдан да танымал әрі халық жиі келетін орынға айналады деп сенемін, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.


Облыс әкімі және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары «Рухани жаңғыру» бағдарламасынаарналған көрмені аралады. Құнды жәдігерлерді Қырықүңгір және Сарыкөл учаскелерінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан Гумилев атындағы ЕҰУ, Шәкәрім атындағы университет қызмкеткерлері таныстырды. Шәкәрім атындағы университет ректоры Мейір Ескендіров және оның әріптестері қажетті ақпарат берді. Абай ауданындағы киелі жерлер картасы көрсетіліп, «Туған жер» бағдарламасының 2015-2017 жылғы қорытындысы баяндалды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив