KZ
Өскемен
+25°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
479.05 534.57 5.17

Ырғызбай Досқанаұлының кесенесі толықтай мемлекеттің қамқорлығына алынды

8.09.2017, 09:42 210

Тарбағатай ауданының Ақсуат аймағында орналасқан Ырғызбай Досқанаұлының кесенесі биылдан бастап толық мемлекеттің қамқорлығына алынды. Бұған дейін 16 жыл бойы демеушілер көмегімен жаңғырту жұмыстарын ұйымдастырып, кешенге қараушы болып келген Болат Тағабай мемлекетке еш ақысыз өткізіп берді.


Өңірімізде 18-19 ғасырларда өмір сүріп, көріпкелдігімен, емшілігімен, сынықшылығымен есімі елге кеңінен танылған дала дәрігерінің мәңгілік мекенін қайта абаттандырып, тиісті инфрақұрылымдарды тарту үшін облыстық бюджеттен 55 млн. теңге қаражат бөлінген. Оның бес млн. теңгесі жылына бес мыңға тарта адам келіп тәу етіп, мінәжат қылатын әулие ата кесенесіне жарық жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қарастырылып отыр.

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің Ырғызбай ата кесенесіне жасаған арнайы сапары барысында айтылды.

Қасиетті мекенге табан тіреген мәртебелі меймандар осындағы «Аманат» мұражайын аралап, онда еліміздің және әлемнің әр қиырынан жинақталған 600-ден астам тарихи құнды жәдігерлерді тамашалады. Бұлардың басым дені ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде кеңінен қолданыста болған тұрмыстық заттар. Тіпті, 5-6 ғасырлардың жәдігерлері де кездеседі. Ежелгі тас диірменді де, түрлі келілер мен торсықтар, ұлттық нақыштағы бесікті де, білтелі мылтықты да, қанжарлар мен қылыштарды да, қақпанның түр-түрлерін де, көне ұлттық музыкалық аспаптарды, ұсталық құралдарды да, алтын жіппен тоқылған парсы кілемін де осыннан тамашалауға болады.

Облыс әкімі ұйымдастырушыларға осының бәрін мұражай талаптары мен ережелеріне сай реттеп, ғимаратын талапқа сай жаңғырту, абаттандыру керектігін ескертті. Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед осы Тарбағатай өңірінде өз заманында елге танымал адамдардың, белгілі билердің бейіттері өте екенін, соларды облыстық мұражайлардан, ұрпақтарынан анықтап, бір ізге түсіруді, кейінгі ұрпаққа насихаттауды тапсырды.


Үлкен кешеннің қонақтар соқпай кетпейтін бір бөлігі «Дала даналары» кітапханасы. Кітапхана қорында бүгінде 2600-ден астам кітап бар. Олар халық емшілігі, дәрігерлік, діни, анықтамалық әдебиеттер, саяси, балалар, көркем, әлемдік, классикалық әдебиеттер болып жеке-жеке топталған.

Құнды жәдігерлер ретінде мұнда төте жазумен және арапша жазылған, өткен ғасырларда шығарылған 500-ге тарта діни әдебиеттер жинақталған. Арасында шыққанына 300 жыл болған кітаптар да бар.


Аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Мейрамгүл Тоқанқызының айтуынша, олардың көпшілігі жергілікті көне мешіттердің іргетасынан табылған екен. Бұдан басқа 17-18 ғасырларда жазылған Ибн Синаның медициналық трактаттары да сақталыпты. Жақында мемлекет қарамағына өткен кітаптардың бәрі де енді кітапхана жүйесімен ретке келтіріліп, тұрақты кітапханашы жұмыс істемек. Мерзімді баспасөз де келетін болады. Ал жаз бойы мектеп оқушылары кезекпен кітапханаға саяхат жасаған.

Кітапханадағы көне діни кітаптарға ерекше қызығушылық танытқан Мұхтар Құл-Мұхаммед мұндағы әрбір діни кітаптың қысқаша паспортын әзірлеу керектігін жеткізді.


– Мыналардың бәрі қолға түсе бермейтін өте сирек дүниелер екен. Көпшілігі өткен ғасырларда Ташкент, Қазан, Уфа, Семей қалаларындағы баспалардан жарық көрген кітаптар. Алайда, мұнда келушілер төте жазумен, арап әрпімен жазылған кітаптарды түсіне бермейді. Сондықтан өңірдегі жоғары оқу орындарынан ғалым-мамандарды арнайы шақырып, әр кітапқа қайда, қашан шыққаны, не жазылғаны, авторы кім екен туралы шағын анықтама жасау керек. Осы шаруаны жеделдетіп қолға алыңыздар. Сонда кітаптардың құны еселене түседі, - деді ол.


Келесі ретте облыс әкімі мен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары кешен аумағындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Тарбағатай ауданы әкімінің құрылысқа жауапты орынбасары Асхат Смаиловтың мәлімдеуінше, жергілікті мердігер «Бота» ЖШС қолға алған абаттандыру жұмысы алдағы қазан айының соңында толық аяқталады.


– Үш мың шаршы метр жерге үш деңгейлі тақта-тастар төселіп, аумақ толық қоршалады, жасыл-желекпен көмкеріледі, көгал болады. Осы абаттандыруға бөлінген 50 млн теңге мақсатқа сай уақытымен жұмсалуда. Алда енді кешенді тұрақты жарықтандыру мәселесі тұр. Ол үшін 36 шақырым жердегі Базар ауылынан жарық тарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге бес млн теңге облыстан бөлінді. Құжат қазан айында мемсараптамадан шыққан соң облыс әкіміне ұсынылады. Осыдан екі ай бұрын аймақ басшысы келгенде бұған дейін демеушілер салған мешітті, кітапхананы, мұражайды, 100 орындық қонақ үй кешенін мемлекетке алуға тапсырма берген болатын. Ол тапсырма толық орындалды. Жердің иесі Болат Құнанбайұлы өз еркімен жері мен осындағы ғимараттарды еш ақысыз коммуналдық меншікке толық өткізіп берді. Оларға тиісті құжат жасалған соң, ауданнан қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Келер жылы ағаштар егіп, көгалдандыруды толық аяқтаймыз. Нәтижесінде бұл жерде кішігірім саябақ пайда болады. Себебі, бұл елімізден, шетелден қонақтар көп келетін киелі жер болғандықтан, атамыздың кесенесі барлық талапқа сай болуы тиіс, - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Абаттандыру жұмыстарын аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов жауапты мердігер мекеме басшысы Қайрат Қожахметовке мұндағы құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды әрі сапалы жүргізуді тапсырды.


– Облыстың әкімі Даниал Ахметов Ырғызбай кесенесін қайта жаңғыртуға үлкен қолдау көрсетіп қаржы тауып беріп отыр. Ал ауданның алдында тұрған міндет Ырғызбай Досқанаұлы туралы деректер базасын қалыптастыру. Ол үшін әр жердегі мұражайларды ақтарып, нақты ресми мәліметтер іздеу керек. Әсіресе, Семейдің облыстық мұражайын қарау керек. Алынған мәліметтерді аңыздан аршып алып, нақты тарих жасау қажет, - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Тарбағатайдағы мекенге жасалған сапар барысында Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының вице-президенті, қазақ күресінің дамуына әлемдік дәрежеде үлес қосып жүрген елге белгілі меценат азамат Бәделхан Камалханұлының бастамасымен 2014 жылы қайта жаңғырған кесене басында құрбандық шалынып, Ырғызбай Досқанаұлының рухына арнайы құран бағышталды.


Суреттер: Манап Мурзатаев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив