KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
441.66 475.14 4.86

Өскеменнің ізшіл иттері қазақша берілген бұйрықтарды ғана орындайды

5.09.2017, 03:55 111

Қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыскерді жедел қолға түсіруде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы із кесуші иттердің де тигізіп жатқан септігі көп.


Өскемендегі 5518 әскери бөлімі сарбаздарының сенімді серігіне айналған овчаркалардың бірі- саққұлақ, иісшіл ит «Рой» ептілігі мен қырағылығын талай мәрте мойындатып, қолбасшылық бойынша тоғыз дүркін чемпион атаныпты.


-Сержант Руслан Раисовтың бұл иті талай рет көшедегі, пәтердегі ұрлық-қарлықтың, тонаушылық қылмыстардың ізін суытпай ашуға көмектесті. Өзім куә болғанымдай, бірнеше жыл бұрын «Рой» Гагарин бульварында қарақшылық шабуыл жасап, әйел сөмкесін ұрлап қашып кеткен ұрының ізіне түсіп, оны айналасы бір сағаттың ішінде қолға түсірген болатын. Қазір «Рой» «зейнеткерлікке» кетті. Мен де өзімнің жетегімдегі неміс овчаркасы «Зирманы» сондай ешкімге есесін жібермейтіндей епті етіп үйретіп жатырмын. «Зирманы» Алматы өңіріндегі Қаракемер әскери бөліміне барып алып келіп, күшік кезінен үйретіп жатырмын,- дейді сарбаз Данияр Мұратов жанындағы серігі «Зирмамен» таныстырып.

«Ұят-ай» десе дереу отыра қалып, алдыңғы аяғымен бетін көлегейлеп теріс қарайтын «Лашын» бельгиялық тұқымдас овчарка екен. Бұл күнде кейбір адамдардың санасынан мүлде жоғалып бара жатқан «ұятты» төрт аяқты жануарға үйретіп қойған кинолог - Ілияс Бақытбек. «Лашын» иесінің қазақша берген барлық бұйрығын біздің алдымызда бұлжытпай орындап шықты. Ілиястан естігендей, бельгиялық овчаркалар тұқымдарының Қазақстандағы әскери бөлімдерге қызметке алына бастағанына біраз уақыт қана болыпты. Неміс овчаркаларына қарағанда «Лашын» асқан жүйрік, тез үйретілетін, ұғатындай зерек, жылдамдығы жоғары көрінеді. Екі жылдан бері әскерилермен жүрген оның жауапты ісі- жарылғыш заттарды іздеу.


5518 әскери бөлімінің тағы бір бетке ұстарлары- «Линда» мен «Симба» болса ЭКСПО-2017 нің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Астанаға кетіпті. Асхат Темірбеков пен Руслан Раисовтың үйретілген иттері «Линда» мен «Симба» Қазақстан бойынша жүргізілген іріктеуден кідірместен өткен екен. Мина, жарылғыш заттарды табуға машықтанған екеуі екі айдан бері сонда қызмет етуде.


Суреттерді түсірген: Манап Мұрзатаев


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив