Өткен аптада ШҚО-да үш бірдей көлік өртенді
Өткен демалыс күндері облыста үш бірдей шетелдік көлік өртеніп кетті. Адам шығыны жоқ.
Өскемен-Семей тас жолында «БМВ» маркалы көлік жүріп келе жатып тұтанған. Мотордан шыққан өрт багаж бөлігі мен сыртқы кузовына жайылды. Уақытында жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды санаулы минуттарда ауыздықтады. Екінші көлік Зайсан ауданында Зайсан-Теректі тас жолында өртенген. Бұл жолы да «Ауди» көлігінің жүріп келе жатып тұтанғаны белгілі болды. Алайда арнайы қызметті шақырмай, өз күштерімен сөндірген.
Үшінші өрт Семей қаласындағы Дулатов көшесінде автотұрақта тұрған «Фольксваген Пассат» көлігінің жанатын бөліктерінен шыққан. Барлық үш жағдайда да қауіпсіздігі жоғары аграгетты қолдануда абайсыздық танытқан деген болжам бар. Бір қызығы, үшеуі де неміс маркалы көліктер.