KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, Ю
439.4 473.54 4.76

Құрлықтық додадан жеті медаль әкелді

6.07.2017, 03:16 154

Ташкентте мәресіне жеткен самбо күресінен Азия чемпионатында шығысқазақстандық балуандар тамаша нәтижеге қол жеткізді. Ел құрамасы сапында өнер көрсеткен Семей қаласындағы «Семей» спорт академиясының самбошылары қанжығаларына екі алтын, екі күміс, үш қола медаль байлады.


Өзбекстан астанасында 30 маусым мен 2 шілде аралығында жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы жарыспен қоса, әскери самбодан да халықаралық турнир өтіп, оған Азияның белді самбошылар қатысты. Барлығы 300-ге жуық үміткер бақ сынаған додаға өзін әлдеқашан дәлелдеп үлгерген самбошылармен бірге, спортта енді ғана танылып келе жатқан жастар да қатысқан болатын.


Семейлік балуандар бабында екенін байрақты бәсекенің алғашқы күнінен-ақ байқатты. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған жас балуан Есентай Имаханов күміс медальды еншіледі. Сондай-ақ, аса тартысты белдесуде өзбек спортшысына жол берген Төлеген Нұрғалиев (68 келіге дейін) Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанды.


Бұдан кейінгі күндері де семейлік самбошылар мықтылығын дәлелдеп, ел қоржынына бес жүлде салды. Ең алдымен, 2016 жылы Түрікменстанда өткен Азия чемпионатында үштіктен көрінген ауыр салмақта белдесетін Ерасыл Қажыбаевтың жетістігін айта кеткен орынды. Жарыстың іріктеу кезеңдерінен іркілмей өтіп, финалға шыққан Ерасыл ақтық сында былтыр Азия чемпионы атанған ирандық балуанды ұтып, ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салды. Бұл тізімде чемпиондық атақты абыроймен қорғай білген «Семей» спорт академиясы алғашқы түлектерінің бірі Қуандық Стамполов та бар. Сондай-ақ, 81 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған жас спортшы Қуаныш Ратаев қола жүлдеге қол жеткізді.


Тағы бір жерлесіміз Аян Рамазанов күміс медаль иеленсе, қыздар арасындағы бәсекеде күш сынасқан Айдана Сұлтанбекова қоржынға қола жүлде салды.


Сайып келгенде, осы жүлделердің бәрі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілуіне септігін тигізді. Өз кезегінде тәп-тәуір өнер көрсеткен жастар құрамасы жарысты екінші орында аяқтаса, ересектер командасы үшінші орынды місе тұтты. Осы орайда ерекше айта кетер жайт, қыздар құрамасы барлық жас дәрежесі бойынша көш басынан көрініп, бапкерлер мерейін одан сайын асырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив