Шығыс Қазақстанда балықшылардың дербес одағы құрылды
Шығыс Қазақстан облысында балықшылар одағы құрылды. Әлі ресми тіркеліп үлгермеген бұл одақ қоғамдық бірлестік ретінде жұмыс істемек.
«Шығыс Қазақстан облысының балық аулаушылар одағы» деген атау алған бірлестіктің төрағасы – Виктор Волков. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» - дегендей, аймағымызда әуесқой балық аулаушылардың саны көп болғанымен, араларында тығыз байланыс орнаған екен. Әлеуметтік желі, чат-байланыстар арқасында олар өзара пікір алмасып, ортақ проблемаларды талқылауды әдетке айналдырған. Осындай қызу пікірталастар кезінде балықшылар одағының қажеттігі жиі айтылса керек. Сол идея сөз күйінде қалмай, бүгін жүзеге асып отыр.
- Қазақстанда балық аулау ісін реттейтін заң жобасы дайындалуда. Онда әуесқой балық аулаушылардың құқығын қорғайтын және кейбір әрекеттерін шектейтін нормалар бар. Біз ең әуелі сол заң жобасына ресми ұйым ретінде өз үнімізді білдірмекпіз. Өзен-көл жағасын патрульдеу, су қоймаларын ерікті түрде балықтандыру сынды жобаларға да мұрындық боламыз, - дейді одақтың төрағасы.
Әзірге бұл бірлестікке ондаған адам мүше болып тіркеліпті. В.Волков ниет білдірушілердің саны мыңнан асатынын айтады. Одаққа мүшелікке өту үшін әрбір қарапайым балықшы бір реттік жарна төлеуі тиіс. Оның құны – 2000 теңге.
- Бұл ақшаға балықшының суреті мен аты бейнелеген куәлік, балықшылар одағының белгілері бар жапсырмалар жасатамыз. Оны балықшы көлігі мен сыртқы киімдеріне жапсырады. Қалған ақша одақтың құжаттарын тіркеу шығындарын жабады, - дейді бастамашы топтың басшысы.
«Гарпун» су асты аңшылығы және дайвинг клубының өкілі Валентин Синявский облыста бұған дейін балықшылардың дербес бірлестігі болмағанын айтады. Бұл одақ та ең бірінші кезекте табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен тізе қосып жұмыс істемек.