Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов жол жөндеуші мердігерлермен кеңес өткізді. Әкім, қала жолдарын жөндеумен айналысып жатқандарға жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Облыс орталығында 32 мың шаршы метрден астам жол жабындысына ағымдық жөндеу жүргізіледі. Қазіргі күні 119 млн. теңге игерілген. Мердігерлер баяндағандай қаланың орталық көшелерін жөндеу жұмыстары 15 маусымға дейін аяқталмақ. Одан соң Өскемен көшелерінің жолдарындағы шұңқырларды жамауға тағы да жарты ай уақыт кетеді.
- Жол жөндеу жұмыстарының мерзімі қатаң сақталуы керек, қаланы тәртіпке келтіру қажет. Келер жылы атқарылатын ағымдық, орта жөндеудің көлемі де осындай болады,-деді Даниал Ахметов.
Қазіргі күні облыс орталығының 12 учаскесінің жолы жөнделіп жатыр. Абай, Тәуелсіздік, Согра, Революция, Скалистая, Пермитин көшелерінің жолдарына орта жөндеу жүргізіліп жатыр.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі