KZ
Өскемен
+26°
ясно жел 6 м/с, ОБ
479.05 534.57 5.17

Өскемендегі Азия чемпионаты - үшінші күн. "Алтай" орамалды қыздарды ойсырата жеңді

26.05.2017, 18:00 232



Бүгін волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатында топтық кезеңнің соңғы тур ойындары өтуде.

Б.Александров атындағы Спорт сарайының алаңына бірінші болып қытайлық «Тяньцзинь Бохай Банк» пен филиппиндік «Филиппин Супер Лига» командалары шықты. Бұл ойында көпшілік болжағандай Қытай елінің волейболшы қыздары оңай жеңіске жетті. Кездесудің алғашқы минуттарынан ойын тізгінен өз қолдарына алған тяньцзиндіктер матчты 3:0 есебімен өз пайдасына аяқтады. Бір айта кетерлігі, филиппиндік команда ойыншылары бұл кездесуде небәрі 27 ұпай ғана жинай алды. Үш кезеңдегі есеп – 25:8, 25:10, 25:9. Осылайша, қытайлық команда турнирдегі әзірге ең ірі әрі ең сенімді жеңістің авторы атанды.

Бұл күнгі екінші ойында кеше алаң иелерін қапы қалдырған тайландтық «Суприм» (Супреме) командасы тайбэйлік «Тайвань Пауэрден» басым түсті. Төрт кезеңге созылған ойында Чонбури қаласынан келген волейболшылар 3:1 (партиялардағы есеп 22:25, 25:17, 25:17, 25:19) есебімен жеңіп, топтағы бірінші орынын сақтап қалды. Айта кетейік, Тай елінің чемпионы Өскемендегі біріншілікте әзірге жеңілістің кермек дәмін татпаған екі команданың бірі болып табылады. Үш ойыннан кейін Натапхон Срисамутнак бапкер жаттықтыратын ұжымның еншісінде сегіз ұпай бар.

Бұдан да жақсы көрсеткішке жапондық «Хисамицу Сеяку Спрингс» командасы ие. Күншығыс елінің қыздары топтық кезеңдегі үш ойынын да жеңіспен аяқтап, қоржындарына тоғыз ұпай салды. Үш кездесуде қарсыластарына бір-ақ партияда есе жіберді. Соңғы турда Шинго Сакаи шәкірттері 3:0 есебімен Вьетнам мықтысы «Вьетин Банк» командасын тізе бүктірді.

Осылайша, В тобында көш бастаған Жапон елінің ала доп шеберлері ширек финалға бірінші орыннан шықты. Екінші орынға қытайлық команда (алты ұпай) жайғасса, үшінші және төртінші орындарға сәйкесінше Вьетнам (3) мен бірде-бір ұпайы жоқ Филиппин чемпионы орналасты.
Өскемендегі Азия чемпионаты - үшінші күн. "Алтай" орамалды қыздарды ойсырата жеңді
Жаңа ғана Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Топтық кезеңнің соңғы матчында жергілікті "Алтай" Иранның "Сармайе Банк" командасымен кездесіп, 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Кешегі ойында тайландтық "Суприм" ("Супреме") командасына есе жіберіп қойған жерлестеріміз бүгін жанкүйерлері алдында намысқа тырысып, қарсыластарын мейлінше тез тізе бүктіруге ұмтылды. Иран қыздары біршама қарсылық көрсеткенімен, өскемендік ұжым ақыр соңында дегендеріне жетті. Үш кезеңде 25:16, 25:18, 25:19 есебімен басым түсіп, үш ұпайға қол жеткізді.
Өскемендегі Азия чемпионаты - үшінші күн. "Алтай" орамалды қыздарды ойсырата жеңді
Осы жеңісінің арқасында Ярослав Антонов шәкірттері өз тобында ирандықтарды басып озып, екінші орынға шықты.
Ертең жарыста демалыс күні. Ширекфиналдық бәсекелер дүйсенбі күні басталады. Біздің команда Вьетнамның "Вьетин Банк" волейболшыларымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Нұржан Кенжеұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив