KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,7 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Өскемендегі Азия чемпионаты - екінші күн. Бүгін кім жеңді, кім жеңілді?

25.05.2017, 18:00 158



Азия чемпионатының екінші күні "Филиппин Супер Лига" мен "Вьетин Банк" командалары арасындағы матчтан басталды. Аутсайдерлер арасындағы айқаста Вьетнамнан келген волейболшылардың мерейі үстем болды. Есеп 3:1.

Бұдан кейін алаңға ирандық "Сармайе Банк" пен тайбэйлік "Тайвань Пауэр" командалары шықты. Бұл ойында волейбол мамандарының көбі алғашқы ойында өскемендік "Алтайға" әжептәуір қарсылық көрсетіп, алаң иелерін сан соқтыра жаздаған тайбэйлік ұжымның оңай жеңісін болжаған еді. Алайда, іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Алғашқы кезеңде қарсыластарына есе жіберген парсы қыздары қалған партияларда жанкештілігі арқасында тайвань волейболшыларынан басым болып, нәтижесінде 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ойын күнінің ең қызық матчтары кешке басталды. Алдымен, В тобының фавориттері қытайлық "Тяньцзинь Боxай Банк" пен жапондық "Хисамицу Сеяку Спрингс" күш сынасты. Алыптар текетіресінде Күншығыс елі волейболшыларының асығы алшысынан түсті. Есеп 3:1.

Ал ең соңғы болып өз матчтарын өскемендік "Алтай" мен Тай елінің чемпионы "Супреме" өткізді. Ярослав Антоновтың шәкірттері осымен екінші ойынын бес кезеңге дейін созуда. Бірақ, бір өзгешелігі алғашқы ойында алтайлықтар 3:2 есебімен жеңіске жетсе, бұл жолы жеңілісін мойындады. 2:3. Алтай арулары Тайландтың ең айтулы клубына мықты қарсылас бола білді, бірақ әттеген-ай... "Бақ шаба ма, бақ шаба ма?" деген қазақ. Бұл жолы сәттілік бізге серік бола алмады.

Ертең өскемендік ұжым топтағы соңғы кездесуін Иранның "Сармайе Банк" командасымен өткізеді. Қазір "Алтай" волейболшылары өз тобында үшінші орында келеді.

Нұржан Кенжеұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив