Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Алаш қозғалысы тарихының парақтары» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Көрмеде Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің саяси қызметі «Алаш» партиясының, «Алашорда» үкіметінің құрылғаны жайлы мұрағаттық құжат көшірмелері мен фото-суреттер қойылған. Көрме бойынша мектеп оқушылары мен студенттер арасында тарих және музей сабақтары, конференциялар өткізіледі. Сонымен қатар музейде Алаш арыстарына арналған тұрақты экспозиция ашылмақ.
Аталмыш көрме кезең-кезеңмен бірнеше бөлімдерден тұрады. 1905 жылғы Қарқаралыда Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов бастаған қазақ оқығандары бас қосып, патша үкіметіне қазақ халқының атынан петиция жібергені белгілі. Онда жер мәселесі, қазақтың жерін алуды тоқтату, дін ұстамдылығына толық бостандық, қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған атақты Қарқаралы петициясының алғашқы нұсқасының көшірмесі де көрмеде көрсетілген. Көрмедегі деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ интеллигенциясының басым көпшілігі тек қана бір кәсіби мамандықтың негізін ұстаумен шектелмей, әмбебап мамандар ретінде қызмет етті. Олар оқу-ағарту, қазақ тілінде алғашқы басылымдар шығарумен қатар шығармашылық жұмыспен айналысты.
Орынбор қаласындағы «Қазақ» газетінің, «Айқап» журналының, «Семипалатинский листок» газетінің алғашқы сандарының мұқабалары және 1909 жылы жарыққа шыққан М.Дулатовтың «Оян, қазақ» кітабының көшірмелері де көрмеге қойылған.