Шығыс Қазақстанда «Донор, өзгеге өмір сыйла» акциясы басталды. Таңсәріден облыстық қан орталығына ағылған жұрт өз еркімен қан тапсырып, акцияға белсенді тұрде қатысуда.
Аймақта бір ай бойы өтетін науқанға қатысамын деушілердің де саны шексіз. Шара барысында әскерилер және бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлері ұжыммен қан тапсырады деп күтілуде.
– Осындай акциялардың арқасында донор атанып, қан тапсырушылардың саны арта түседі. Өскемен қаласына жақын маңдағы ауылдардан, тіпті аудандардан да келіп жатады. Жалпы халықтың белсенділігінің арқасында донорлардың саны жылдан-жылға өсіп келеді, – деді облыстық қан орталығының директоры Хайрулла Жигитаев.
ШҚО бойынша өз еркімен қан тапсырушы донорлардың салмақ үлесі 91 %-ды құраған. Деректерге сүйенсек, осы уақытқа дейін жалпы көлемі 34 литрге дейін қан тапсырған азаматтар да кездескен.
– Менің донор атанғаныма ұзақ болмаса да, уақытылы келіп, қан тапсырып тұрамын. Себебі ол тек игі іс емес, ол ағзада зат алмасуды жақсартатын үрдіс, – деді қала тұрғыны Дастан Рахымғалиев.
ШҚО, Ақпарат орталығы