Аблайкит мазарын зертеу тобының жетекшісі Карл Байпақов өзімен бірге Ұлыбританияның Лондон университеттік колледжінен үш бірдей профессор, Ресейдің Санкт-Петербургінен тарих ғылымдарының докторы бірге жұмыс істейтінін айтады. Кейін бұл ғалымдар Аблайкит мазарындағы жұмыстардың нәтижесін орыс және ағылшын тілдерінде әлемге паш ететін болады.
Археологтың айтуынша, Аблайкит мазары толық зерттеліп бітісімен, қалпына келтірілетін болады. Бұл өз кезегінде туристердің ағынын молайтпақ. Сібенің сұлу көлдері мен тау аңғарында қайта бой көтеретін көне мазар әрбір туристің жүрегін жаулайтыны сөзсіз. Ғалым аталмыш ғимараттың сыртқы кескіні мен құрылыстық сұлбасы сақталғанын айтады. Қазақ жеріне көз сала бастаған тұста патшалық Ресей тарапынан арнайы экспедициялар ұйымдастырылғаны белгілі. Сондай экспедицияның бірін басқарған И.Лихарев аталмыш мазарға тап болып, оның жобасын қағазға түсіріп әкетсе керек. Мұндағы археологиялық зерттеулер бірнеше кезеңде жүргізілетін болады. Әуелі кешен әуеден зерттелмекші. Содан кейін барып қана мазарды топырақтан аршу басталады. Шетелдік ғалымдар осы кезде іске араласады. Бұл ғалымдардың барлығы шығыстанумен, соның ішінде тибет буддизмін зерттеумен айналысады. Өйткені, Аблайкит мазары – еліміздегі тибет буддизмінің бірегей нысаны саналады. Кешен бір кездері орыстың Петр патшасының назарын аударып, Париждегі зиялы қауымның арасында үлкен пікірталас туғызған екен. Қазақ даласын тіміскілеуге арнайы бұйрықпен шыққан эскпедициялар Аблайкиттен тапқан ең құнды жәдігерлерді Петрдің қолына табыстап отырған. Кейін ол заттың бәрі кунсткамераға өткізілген. Алайда, оны өзімізге қайтару мүмкін емес көрінеді. Жоңғар-қазақ соғысының куәсі болған ғимарат неміс және швед, орыс ғалымдары тарапынан көп зерттелгенімен, негізгі құпиясын әлі ішіне бүгіп жатқанына Карл Байпақов сенімді. Ғалым жергілікті тұрғындардан Аблайкит жайындағы аңыз-әпсаналар жинақтауды жоспарлап отыр. Сол аңыздардың бір ұшығы Аблайкит мазарының асыл тастарға толы қазынасын іздеушілерді көлдің түбіне жетелейді. Зерттеушілер тобы қажет болған жағдайда көлдің түбін де зерттемекші.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен облыстық бюджеттен 100 млн. теңге бөлініп, алдағы үш жыл бойында өңірдің бес елді мекенінде жүргізілетін археологиялық зерттеулерге халықаралық ғалымдар осы мақсатта шақырылып отыр.
Есімжан Нақтыбайұлы