KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 1 м/с, В
441.66 475.14 4.86

Мектеп бітірмей жатып жүкті болып қалған қыздар неге көбейді?

31.03.2016, 18:00 129



«Қызға қырық үйден тыю» дейді қазақ. Өкінішке қарай қазір бұл мәтелге мән беретіндер саны азайып, керісінше кәмелетке толмай ана атанушылар қартары артып отыр. Мектеп бітірмей жатып «мама» атанған қыздар көп. Бұқаралақ ақпарат құралдарынан: «дәретханада жаңа туылған сәби табылды», «жатырын жарып шыққан нәрестесін қоқыс жәшігіне тастапты», «жол бойында шақалағын көлік терезесінен лақтырып кетіпті» деген адамның жанын түршіктіретін сұмдықтарды жиі естіп, көруіміз сондықтан.

Ғаламтор мен шет елдік фильмдердің әсері мол

Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегі бойынша, былтыр өңірімізде 15-18 жастағы қыздар арасында жүкті болудың 260 жағдайы тіркелген екен. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден көбірек. Кәмелетке толмаған қыздар арасында ерте жыныстық қатынасқа түсу, жүкті болып қалу деректерінің жылдан-жылға көбеюіне алаңдаушылық білдірген жауапты орындар оның алдын алуға бел шешіп кіріскен.

- Ерте некелесу және жасөспірімдер жүктілігінің алдын алу бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы БҰҰ-ның халық саласындағы қорымен (UNFPА) бірлескен іс-шаралар өткізілуде. Жастар арасында осы тақырыптарда баспа және электронды материалдар таратылады. Арнайы жобалар қолға алынды.

Сондай-ақ, былтыр облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп, жасөспірімдер жүктілігінің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу бойынша колледж студенттері үшін жазғы лагерь ұйымдастырдық, - дейді басқарма басшысының орынбасары Сергей Попов.

Шығыс Қазақстан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының психологы Нұргүл Есдәулетова жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынасқа ерте түсуге ғаламтор мен жөн-жосықсыз шетелдік фильмдердің әсері күшті екенін айтады.

- Өтпелі кезеңде жасөспірімдер алғаш рет махаббат дертіне шалдығады. Ғашығын өмір бойы сүйіп өтетін сияқты алдамшы сезімде болады. Фильмнен көрген кейіпкерлеріне еліктейді. Мұның бәрі бойжетіп келе жатқан қыздың психикасына өзінің әсерін тигізбей қоймайды. Бұндай жағдайға тап болған қыздарға анонимді психологиялық көмек беру телефондары бірқатар орталықтарда бар. 50-08-68 сенім телефоны таңғы сегіз жарымнан беске дейін салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында да бар, - дейді психолог.

Ерте босанудың бала мен ана ағзасына әсерін облыстық ана мен бала орталығының консультативтік-диагностикалық бөлім меңгерушісі, гинеколог-дәрігер Динара Мұқышевадан білдік.

- Бала ағзасы кәмелеттік жасқа дейін толық жетілмейді. Гармональды фон өзгеріс үстінде болады. Толық қалыптаса қоймаған ағза үстінде қыз бала жүкті болып қалса, белгілі бір патологияларға әкелуі мүмкін. Ең жиі кездесетіндері - иммунитеттің, гемоглабиннің төмендеуі, анемияға шалдығу және баланы ерте босану немесе аз салмақта босану жағдайлары, - деп түсіндіреді гинеколог маман.

Оның айтуынша, ерте жүкті болған аналардың тым көп уайымға салынып, жүйкесінің жұқаруы немесе жүктілігін тоқтату үшін небір тәсілдерді қолдануы болашақ сәбидің кемтар болып тууына әкеліп соқтырады. Тұрмысқа шыққанға дейін ер азаматпен жақындасу салдарынан бедеулікке алып келер инфекциялар жұқтыру немесе түсік тастау қауіпі жоғары.

- Түсік жасатқанда наркоз береді. Одан аллергия немесе шок болуы мүмкін. Одан кейін жатыр перфорациясы, яғни абайсызда жатырды тесіп алу жағдайы болуы мүмкін. Бетін ары қылсын, жатырды кесіп алып тастаған немесе одан сорақы жағдайлар да кездеседі. Сол сияқты жатырдың қабынуы мен бедеулікті де қосып қойыңыз. Осының бәрінен сақтану үшін қыздарымыз тұрмысқа шыққанға дейін жыныстық қатынасқа түспегені абзал, - дейді гинеколог Динара Назиолданқызы.

Бүгінде балалары бәлиғат жасына толмаған ата-аналар тарапынан мектептерде аталмыш тақырыпта арнайы тәрбие сағаттарын, семинарлар ұйымдастыру туралы ұсыныстар көп көрінеді. Кейінгі кезде өзекті болып тұрған бұл мәселе үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарды ойландырып, проблеманың алдын алу мақсатында жұмыла жұмыс істеуге түрткі болып отыр.

Мектеп бітірмей жатып жүкті болып қалған қыздар неге көбейді?

Өскемен қалалық Үлбі полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Мейрамгүл Ким осы бағытта атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

- Оқушылар жыл сайын медициналық тексерістен өтеді ғой. Сол кезде біз де тексеру жұмыстарын жүргізіп, ерте жүктілік жағдайы анықталуы мүмкін мектептермен тығыз байланыс орнатуға тырысамыз. Анонимді сауалнамалар, психологиялық тесттілер жүргізіп тұрамыз. Сауалнамадағы сұрақтар мұқият тескеріліп, берілген жауаптарға қарай оқушылар назарда болады, - дейді ол.

Қыздарға анасының, ұлдарға әкесінің ақыл-кеңесі ауадай қажет

Полиция қызметкерінің айтуынша, бұл ретте қыздармен бірге ұлдардың да жауапкершілігі қатаң қадағаланады. Айталық, кәмелет жасқа толмаған қыздармен жыныстық қатынасқа түскен жігіттер Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Ал шариғатта некесіз жыныстық қатынасқа барудың күнәсі тіпті ауыр.

- Некесіз жыныстық қатынасқа түсу - зина. Зина ислам дінінде ауыр күнәлардың қатарына жатады. Тіпті қылмыс деуге болады. Алла тағала зинаға және зинақорлыққа апаратын кез келген әрекетке қатаң тыйым салған. Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала былай дейді: «Зинаға жақындамаңдар! Расында ол бір азғындық және жаман жол». (Исра, 32). Сол сияқты «Азғындық істердің жариясына да, жасырынына да мүлде жоламаңдар».

Мұндай қадамға барудың соңы шаңырақтың шайқалуына, бейкүнә сәбилердің дүниеге некесіз келуіне, тастанды балалардың көбеюіне, қоғамның бұзылуына әкеледі, - дейді Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.

Біз көтеріп отырған мәселеге қатысты мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары, таратылатын электронды және баспа материалдары аз емес. Мысалы, былтыр облыс тұрғындарының денсаулықтарын қорғау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, ерте жыныстық қатынастың, қаламаған жүктіліктің алдын алу бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, 127 мыңға тарта адамды қамтыған. Бұл дәрістер тек жасөспірімдерге ғана емес, ата-аналар мен мектеп мұғалімдері үшін де өткізіліп тұрады. Сондай іс-шаралардың бірі жақында «Үміт» балалар үйінде «Ерте ана атанудың алдын алу және жыныстық қауіпсіздікке қарсы қылмыстардың құқықтық аспектілері» атты тақырыпта өтті.

Жалпы, мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінсек, жастарымыз аяғын шалыс басып, сан соқтырар жағдайға тап болып жатса, үлкендер тарапынан қысым көрсетпеу қажет.

- Бала - өмірдің гүлі, біздің болашағымыз ғой. Сондықтан қыз аяғы ауыр болған жағдайда біз оларға баланы өмірге әкелгендіктері ең дұрыс шешім екенін үнемі айтамыз. Жүктіліктерін тоқтатқылары келсе, дәрігерлер олармен жеке сөйлесіп, болашақ сәбидің өмірі қыршыннан қиылмауына барынша ықпал жасайды. Қолдау білдіріп, психологиялық көмек көрсетіледі. Себебі, бұл кезде ең бастысы - айыптамау. Ерте жүкті болған қыздардың тағдыры аурухана деңгейінде қалып қоймайды. Біз ай сайын құқық қорғау органдары мен арнайы басқармаларға бұндай жағдайлардың тіркелген-тіркелмегені жайында есеп береміз. Қазіргі күні Ана мен бала орталығы бұл мәселенің кең етек алмауы үшін тың бастаманы қолға алды. Яғни жас интерндер (медицина саласының жоғары курс студенттері) мектептерді аралап, жасөспірімдерге арнайы дәрістер оқиды. Оқушылар үлкендерден ұялады ғой, ал интерндердің жасы олармен шамалас болғандықтан ашық сөйлесіп, сырларын айта алады, - дейді облыстық Ана мен бала орталығының директоры Рая Рахимова.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, мұндай қадамға барған ұл-қыздарды айыптағанша, олардың қателеспеуі үшін дұрыс тәрбие беріп, келеңсіздіктің алдын алу әлдеқайда артық. Осы ретте қыздарға ананың, ал ер балаларға әкенің ақыл-кеңесі, тәрбиесі ауадай қажет.

«Еркектің бұзылғаны - бір шаңырақтың бұзылғаны, ал қыздың бұзылғаны - ұлттың бұзылғаны» екенін ұмытпайық. Ұлт ұйытқысына айналар қыздардың жауапкершілігі мен тәрбиесін үлкендеріміз назардан тыс қалдырмаса деген ниет біздікі. Бұндағы мақсатымыз - біреуге ақыл үйрету емес, көпшілігіміз айтуға ұялатын тақырыпты қозғап, тәрбиелі де білімді ұрпақ қалыптастыруға аз да болса үлесімізді қосу.

Әсел Асқарқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив