KZ
Өскемен
+20°
ясно жел 1 м/с, С
465.52 498.2 5.45

Бір уыс топырақ. Соғыста шейіт болған қазақ офицерін туыстары 75 жылдан кейін тапты

15.02.2019, 09:46 311

Анам Кәмал науқастанып, хәл үстінде жатқанда қасында кезекпен отырып жүрдік. Сондай күндердің бірінде анам ақырын әңгімесін бастады:


-Анау бір жылдары,  сенің бала кезіңде, біздің үйге бір өзбек молда  келіп еді қыдырып, өзі көріпкел, құмалақшы екен.


-Иә, мама, есімде. Ол қария  әкеммен курортта бірге демалған кісі ғой.


-Ұмытпапсың. Сол көріпкел маған өтірік айтыпты ғой, - деді анам қамыққан үнмен.- «Соғыста хабар-ошарсыз кеткен ағаңыз  бар екен, шетелден бір хабары келеді» деп қуантып еді. Бекер болды. Өтірік айтқан екен, шіркін-ай!Хабары келеді деген соң, тірі ме деген үмітпен құранға да қоса алмадым... Қайран ағатайым-ай,  туған жердің бір уыс топырағы да бұйырмады-ау?!


Анамның әлсіз даусы дірілдеп кетті... Бауыр деген неткен ыстық та аяулы еді! Соңғы демі үзілгенше жүрегі елжірей есіне алып, аңсап жатыр. Ардақты анашым Ахметуәли нағашым туралы бір хабар ести алмай, осылайша арманда кетті... Нағашы жұртымыз сарыла күткен сүйінші хабар тура он жылдан кейін келетінін  біз ол кезде әлі білген жоқ едік.


Өзін көрмеген нағашымыз туралы біз бала кезімізден естіп, өстік.Шынында, ағатайын еске алғанда анамның  өзегі өртенетін. Үйдегі он баланың үлкені болған Ахметуәли нағашым сырт келбеті келіскен, өңді болғанымен қатар ,өнерлі, ісмер болған деседі. Былғарыдан етік те тігіп алады екен. Сөзі салмақты, әр ісін ойланып істейтін жігіт әулетінің тірегі болатын. Үйден  аттанарда артында қалып бара жатқан  анасы мен шиеттей он іні-қарындасын да ойлап, уайымдайды. Сонда оннан асқан Кәмалды тізесіне отырғызып, «үйдің үлкені енді өзіңсің, Кәматай, апама, бауырларыңа бас-көз бол, мен аман-есен ораламын» деп өсиет айтып кетіпті. Нағашы апам Масара да, анам да,  басқа нағашыларым  да өле-өлгенше ауыздарынан тастамай, өмірлерін елегізумен өткізді.


 Мың күдік пен бір үміт


Былтыр жазда Алматыға қыдырып барғанымда, анамның сонда тұратын кенже сіңлісі Сара апамыз  маған бір жапырақ қағаз ұстатты.«Украина. Днепропетровск облысы, Синельников ауданы, Славгород» деген мекенжай жазылыпты.  «Мынаны  соңғы келгенінде Долан (Ахметолла)  нағашың берген еді. Ахметуәли ағамыздың жатқан жерін тауыпты. Қайдан алғанын  білмедім. Енді соған барып, әулетіміздің атынан тәу етіп келсем деймін» деген ниетін жеткізді сексенге таяп қалған апамыз. Мен үшін күтпеген хабар. Көрсетілген мекенжай нақты ма, жоқ  әлде қате ме? Сұрайын десем, Долан  нағашым аяқ астынан қайтыс болып кеткен. Содан бала кезден бірге өскен досым Гүлнардың Қазақстанның Украинадағы елшілігінде қызмет  істейтін қызы Құралай Бейбітпен хабарласып, мән-жайды айттым. Құралай бір күннен кейін қайта телефон шалып, не істеу керек екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.Алдымен Украинаның архивінен нақты сол мекенжайда  жерленгені туралы  құжат керек екен.  Оны Қорғаныс министрлігі арқылы сұратуым керек болып шықты. Министрлікте телефон тұтқасын көтерген әскери адам да құдайға қараған жан екен. Жалпы, осы шаруаға кіріскен алғашқы күннен бастап, бізге үнемі өз ісіне мығым, жауапты қызметкерлер жолығып отырғанын ерекше айтқым келеді. «Егер сұрау салсаңыз, бұл жылға созылып кетеді. Біз Мәскеуге, Мәскеу Киевке жолдайды. Ол жақтан хабарды жуық арада ала алмайсыз.Қазір Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған, хабарсыз кеткен жауынгерлердің тізімі көрсетілген іздеу сайттары көптеп шығып жатыр.  Одан да сіз сол іздеу сайттарынан қарап, тапқан деректеріңіздің скриншотын (көшірмесін) жасап, Қазақстанның Украинадағы елшілігіне жолдаңыз. Сол жылдамырақ болады», - деп кеңес берді телефон тұтқасын көтерген подполковник мырза. «Құп» деп, енді сайттарды шарлауға кірістім. Алайда Ресейдің «Подвиг», «Память», «Мемориал» сияқты сайттарынан ешқандай мәлімет шықпады. Нағашым қайдан алды екен бұл деректі деп, балаларынан, басқа да туыстарымыздан сұрастырып қоямын. Ешкім ештеңе білмейді. Дереккөзін не бір баласына, не бір туысына айтпаған. Аяғы Қазақстанның «Мемориал» сайтынан Ахметуәли Жидебаевтың  аты-жөнін  тізімнің басынан бір-бірлеп іздеуден басқа амал қалмады.  Тізімде тегі  «Ж» әрпінен басталатын адамдардың ғана  саны  он мыңнан асады екен. Ақыры, 9554 нөмірде  ұқсас есім кездесті. Жидибаев Ахемет.Кім біледі, бәлкім осы кісі шығар? Қай дивизияда соғысқаны, қайтыс болған күні жазылғанымен, жерленген жері туралы ешқандай ақпарат жоқ. Мың күдік пен бір үміт арпалысып,Ресейдің «Память» сайтынан Жидибаев Ахемет деп қайта іздеп едім, барлық мәлімет шыға келгені! Туған жылы, анасының есімі - Масара, соғысқа аттанған жері - Шығыс Қазақстан облысы, Киров ауданы, Ермаковка селосы деп тайға таңға басқандай жазылып тұр! Қай жерде соғысқаны,  қай күні қайтыс болғаны отандық сайттағы мәліметпен бірдей, жерленген жері мен кіші лейтенант, взвод командирі болғаны да бар.


Анамыздың айтқаны бар еді: «ағатайымнан бір хат келген. «Оқуымды бітірдім. Өзеннің жағасында тұрмыз. Ұрыстан шыққан соң, қайтара жазамын ғой» деген, қайтып хабар болмады. Өзеннің аты  «д»-дан басталатын, қазір ұмыттым».  Демек, кіші лейтенант болғаны да шындық.  Днепрді алу үшін шайқаста мерт болыпты. Барлық гәп сонда, аты-жөнінің қате, бұрмаланып жазылғанында екен. Біз ол кісіні жетпіс жылдан астам уақыт Ахметуәли Жидебаев деп іздеп келсек,  барлық құжаттарында Ахемет Жидибаев деп жаңсақ көрсетіліпті. Сүйіншілеп жүріп, құжаттардың көшірмелерін жасап, Киевтегі елшілікке жолдадым.


Бауырға деген сағыныш


Бұл кезде Сара апамыз жол дайындығына кірісіп те кеткен-ді. Ағасы соғысқа кеткенде әлі сәби болса да, есімін бала кезінен естіп өскендіктен, Ахметуәлидің бейітін көріп қайтуды әке-шешесінің аманаты ретінде қабылдады.  Ол мемлекеттегі жағдайдың күрделілігін айтып көріп едік, оған да құлақ салмады. Апамыздың «жетпіс бес жыл хабарын күткен ағатайымның зиратына зиярат етіп, басына құран оқытып келуіме кім кедергі бола алады?  Тек Алла сәтін салсын» деген уәжіне ештеңе айта алмадық.Украинадан  жауап күтпей-ақ,  ұшаққа билетімізді де алып қойды. Көп ұзамай елшіліктен әскери атташе, полковник Сәбит Кеңесбайұлы хабарласып, нағашымыздың зиратын іздеп жатқандарын жеткізді. Тоқсаныншы жылдардан кейін қараусыз қалған молалар көп екен. Белгітастардағы жазулар да өше бастаған. Бұл жұмысқа Украинадағы ардагерлер ұйымы белсене кірісіп кеткен көрінеді, көп адам жұмылдырылыпты. Қазақ офицерінің қабірін табу үшін екі бірдей мемлекеттің азаматтары бел шеше кірісіп,ардагерлер ұйымының өкілдері нағашымыздың жатқан жерін қыраулы қысқа қарамай, бауырластар зиратын жаяу аралап, іздегендерін барғанда ғана  естіп,  білдік. Ал оған дейін, осы жақта көңілге тағы да күдік енгені рас.  Ал егер таба алмаса қайтеміз? Мына ақ қар, көк мұзда сексенге таяған апамызды сонау шалғайға, жердің бір жеріне текке әурелеп апарамын ба? Осылай ойша арпалысып жүргенде, жолға шығарға бір күн қалғанда менің электронды поштама Ахметуәли нағашымның жатқан жері табылғаны туралы хат келді. Аты-жөні жазылған мемориалды тақтаның суреті қоса жолданыпты. Сонда ғана өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күй кештік. Ақ шүберекке туған жердің бір уыс топырағын түйіп алып,  біздің болашағымыз үшін қан төккен атамыздың алдындағы парызымызды өтеу үшін алыс  сапарға аттандық.  Бір аят құран мен бір уыс топырақтың құдіреті қандай күшті еді! Ғасырлар мен аралдарды да жалғайды. Әлі күнге дейін мұсылман баласы қайтыс болған адамға бір уыс топырақ салып, бетін бір сипау үшін ғана жолға шығады. Шейіт болған ата-баба үшін одан артық құрмет, ал ұрпағы үшін одан үлкен міндет жоқ.


Жеті төбеде орналасқан шаһар


Біз отырған «Эйр Астана» ұшағы Алматыдан  бес сағат ұшып, Киевтің Борисполь халықаралық әуежайына жергілікті уақыт бойынша кешкі тоғызда келіп қонды. Сабит Бекмұратов алдын ала хабарласып, өзі тосып алатынын ескерткен болатын. Сол жерде көмекшісі подполковник Бақытжан Кісентаевпен танысып, далаға шықтық. Ауа температурасы -23 градусты көрсетіп тұр, тура Өскеменнің суығына тап болғандаймын. Ауа райы ылғалды болғандықтан, бізден де ызғарлырақ көрінді. Бізді Құралай қызымыз өз үйінде тоқтауға шақырған болатын. «Апамызға да ыңғайлы болсын, қонақ үйді қойыңыздар» деген соң, қуана келістік.


Түнгі Киев керемет сұлу!  Самаладай жарқыраған оттары қандай! Төрт жарым миллионнан астам тұрғыны бар қаланың тарихы тым көне. Киев Русінің астанасы болған ежелгі  Киевтің іргетасы осыдан 1,5 мың жыл бұрын қаланған-ды. Жеті төбенің үстіне орналасқан шаһардың жолдары тас. Көшелері біздікіндей жайдақ емес, бір дөңнен екіншісіне шығып отырасыз. Көліктің терезесінен жан-жағына мұқият қарап келе жатқан апамыз «бәрі өз тілдерінде жазылған, қандай тамаша. Біздің Алматыда көшеге шықсаң, қай елдің қаласында жүргеніңді ұқпай қаласың. Орысша, ағылшынша, енді қытайша да қосылыпты» деп өз пікірін білдіріп қояды.


Құралайдың үйіне жеткізіп салған азаматтар ертең таңғы тоғызда Днепр қаласына баратын пойызға өздері шығарып салатындарын ескертті. Билеттерімізді де алдын ала алып қойыпты. Ол жақта барлығы келісілгенін, украиналық ардагерлер тосып алып, Славгород ауылындағы атамыздың бейітіне дейін апарып келетінін, сапарымыз қауіпсіз болатынын айтып жатыр. Әрине, бойымызда қорқыныш пен үрей болмағанымен, соғысқа өрімдей жас кезінде аттанып, мәңгілік мекенін осы жақта тапқан  атамыздың аруағына тағзым ететін күн жақындаған сайын жүрегіміз алабұртып, қобалжығанымыз рас...


 


Киевтен таңғы сағат тоғызда шыққан поезд Днепр қаласына кешкі алтыда жетті. Екі қаланың арақашықтығы 600 шақырым екен. Қас қарайып, көз байланып қалған шақ. Сара апамыз анда-санда «тосып алмаса, қайтеміз?» депмаған қарайды жаутаңдап. Жолға шығарда әскери атташе Сәбит Кеңесбайұлы  қарсы алуға тиіс адамның аты-жөнін, телефонын жазып берген, дегенмен әртүрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Бірақ сыр бермей, «қорықпаңыз, «Тіл Киевке де жеткізеді»деп, апамыздың көңілін әзілмен аулап қоямын. Вагонда бізден басқа түсетін жолаушы да жоқ. Поезд тоқтап, есігі ашылғаны сол еді, «Вы Сара апа?»  деген дауыс естілді.


Днепр облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Сергей Дорошев бізді көптен күткен ескі достарын көргендей, құшақ жая қарсы алғаны!Біз де қуанышымызды жасыра алмай, сол жерде  шүйіркелесе кеттік. «Алдымен Сәбитке сіздерді қарсы алғаным туралы есеп беруім керек» деп, әскери атташеге де хабарласып үлгерді.Алыс-жақын шетелдің біраз жерлерін аралағам десем де, әр сапарда алаңдаушылық болатыны сөзсіз. Қазақ «Үйден қырық адым шықсаң, мүсәпірсің» деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан да бізді мұқият тапсырып, жағдайды бақылауда ұстап отырған, жат жерде жебеушіміз болып жүрген елшіліктегі азаматтарға іштей риза болдым.


Қала кеші тіпті ызғарлы, жабысқақ қар қапалақтап жауып тұр. Ардагерлер ұйымы біз үшін қонақ үйден орын да әзірлеп қойыпты. Сонда жеткізіп салған Сергей Владимирович қонақ үйдің кезекші әкімшілігіне бізді Қазақстаннан келген сыйлы қонақтар деп таныстырып,  шегелеп тапсырып кетті. Жол күрделі екенін ескертіп, ертеңгісін тоғызда дайын болуымызды сұрады. «Ертең атамыздың  неміс басқыншыларымен шайқасқан жерін көреміз, рухымен  тілдесеміз» деген ойдан жүрегіміз өрекпіп, бұл түнді де біз қобалжумен өткіздік.


Ардагердің естелігі


Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы, генерал С.Шевченко жіберген шетелдік жеңіл көлікпен Синельников ауданына қарай жүйткіп келеміз. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дегеннің кері ғой. Әйтпесе, қаладан 50 шақырым жерде орналасқан аудан орталығына екі сағаттан аса жүріп жеттік. Кешегі жауған қар жолды алып қалыпты. Жол-жөнекей Сергей Владимирович Ахметуәли атамызға қатысты бір қызықты деректің ұшын қылтитты.


-Ардагерлеріміздің бірінің анасы госпитальда медбике болып істеген. Сол ардагердің естелігі бойынша, анасы госпитальға ауыр жараланған бір жап-жас қазақ офицерін  жауынгерлері көтеріп әкелгенін айтыпты. Олар командирлерін аман алып қалуды өтініп сұрағанымен, амал қанша, офицер бес күннен кейін көз жұмған. Ахметуәли аталарыңыздың  құжаттарындағы  деректермен салыстырсақ, сол кісі екеніне күмән жоқ. Взвод командирі дегеніміз кім? Ол – қарамағындағы   жиырма-отыз  жауынгерді ұрысқа бастап шығатын, өз ісімен жауынгерлеріне рух беретін қолбасшы. Пулеметтен қарша бораған оққа  кеудесін бірінші төсейтін де – сол командир. Сарбаздарының ол кісінің жаралы денесін ұрыс даласында тастап кетпей, госпитальға жеткізулері аталарыңыздың нағыз офицер болғанын дәлелдейді, - деп тоқтады ардагер.


-Құжаттарында суреті сақталмап па?- дейді Сара апам үмітпен. Жиырма бір жасында майданға аттанған  ағасының жансыз бейнесі де қалмаған ғой естелікке. Ол кезде қазақ ауылында суретке түсу қайдан болсын? Жауынгерлер көбінде майданнан оралғанда әкелетін фотоларын.


- Егер наградаға ұсынылса, Подольск қаласындағы бас әскери архивте болуы мүмкін, сұрау салып көрулеріңізге болады. Біздің қолымызда жоқ. Суретті айтасыз, қабірін де алғашында  жергілікті ардагерлер ұйымы таба алмады, өйткені олардың архивіндегі тізімде жоқ екен, - деп жалғастырды әңгімесін Сергей Дорошев. Айтысына қарағанда,  Қазақстанның елшілігіне біз жіберген құжаттардың көшірмесі қолына тие сала, республикалық ардагерлер ұйымының тапсырмасымен осы іспен тікелей ай-налысыпты. Облыстық мәдениет басқармасы архив құжаттарын қайта  көтеріп, деректер расталған бойда Славгородтағы бауырластар зиратына өзі барып,  жаяу аралап жүріп, тауыпты.


Кестелі орамал


Синельников аудандық  мемлекеттік әкімшілігінде бізді қадірлі қонақтарындай күтіп отыр екен. Кездесуге соғыс ардагерлері мен әкімшілік қызметкерлері жиналып, жергілікті газет тілшісі де шақырылыпты. Қаладағы №5 мектептің мұғалімі, мектеп мұражайының жетекшісі Евгений Трушенко Днепр өзені үшін болған сұрапыл шайқастарда 7-кавалериялық дивизияның құрамына кірген 19-гвардиялық кавалеристік полктің жауынгерлерінің жанкешті ерлігінен сыр шертті. Гвардия Алматыда жасақталғандықтан, құрамында қазақтар көп болыпты.


-Сол 19-гвардиялық кавалеристік полктің құрамында қазақтың белгілі ақыны Жамбыл Жабаевтың ұлы Алғадай Жабаев та шайқасқан. Украина жері үшін жандарын пида еткен, аталмыш полкта  соғысқан 67 қазақ жауынгерінің әрқайсысын да ардақ тұтамыз.  Олардың құрметіне Дружба-Достик саябағын аштық. Барлығын өз көздеріңізбен көресіздер. Ал 1943 жылдың қыркүйегінде Славгород ауылы жаудан азат етілді де, сол жерге дала госпиталі орналастырылды, - деді Евгений Григорьевич. –Синельников ауданы тұсындағы Днепрді алу ұрыстарына  кіші лейтенант Ахметуәли Жидебаевтың қатысқаны құжаттарда көрсетілген. Шайқастың жойқын болғаны соншалық, өзеннің суы қып-қызыл қанға боялды. Ауыр жараланған взвод командирі Жидебаев қазан айының соңында госпитальға түсіп, бес күннен кейін, 1 қарашада  көз жұмғаны белгілі. Аталарыңыз ерлікпен қаза тапты. Мақтан тұтуларыңызға боларлық офицер.


Бізді қабылдағанСинельников аудандық  мемлекеттік әкімшілігі төрағасының орынбасары Сергей Бирюков Евгений Трушенконың оқушысы екен. Айтысына қарағанда, ұстазы мектеп жасынан осы ізгі іске баулып, талай жорықтарға да шығыпты, қазба жұмыстарына да қатысқан. Нәтижесінде жүздеген жауынгердің сүйегі табылып, қайта жерленіпті. Хабар-ошарсыз кетті деген ата-бабасы туралы сүйінші хабар алу олардың туыстары үшін қандай қуаныш болды десеңізші?!



-Сіздердің келгендеріңізге өте қуаныштымыз. Бізге ата-бабаларының соғысқан жерлерін іздеп келушілер өте көп.  Қазір бірден Славгород кентіндегі  бауырластар зиратына барамыз. Қайтарда осы жердегі  Алғадай Жабаевтың ескерткішіне соғамыз. Мектеп мұражайында қазақ жауынгерлерінің бұрышы бар, оны да тамашалайсыздар, - деп сапарымыздың жоспарымен қысқаша таныстырған  Сергей Бирюков бізге гүл шоқтарымен қоса ұлттық өрнегі бар  кестелі орамал сыйлады. «Орамал тон болмайды, жол болады»  деген. Кім біледі, бауырлас Украина еліне тағы да жолымыз түсер.


Айтпақшы, Сергей Дорошев ескерткіш тақтада Ахметуәли Жидебаевтың аты-жөні мен әскери атағында кеткен қателер 9 мамыр қарсаңында жөнделетінін айтып, қуантты.


 Госпиталь ғимараты әлі тұр


 Славгородта бізді тағы бір тосынсый күтіп тұрыпты. Бізді көліктен түсе қарсы алған Славгород кенттік кеңесінің төрағасы Василий Сороковский анадай жердегі бір қабатты ақ ғимаратты нұсқап: «мынау аталарыңыз жатқан госпитальдің ғимараты. 130 жылдық тарихы бар» – дегенде, сенер-сенбесімізді білмей, аңтарылып қалдық. Бүгінде кенттік кеңес орналасқан ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Қасына жақындап, жаралы майдангерлерге қорған болған, соңғы сәттерінің куәсіне айналған кірпіштен қаланған қабырғаларды жайлап сипадық. Осыдан жетпіс бес жыл бұрын осы жерде өлім мен өмірмен арпалысып, талай өрімдей жас жатты ғой! Ыңырсыған дауыстары естілгендей ме, қалай?  Жоқ, ұйытқиын деп тұрған боранның ысқырығы екен ғой. Қыршын боздақтар не жайында ойлады екен демі үзілер шақта? Туған ауылының түтінін сағынып, «шіркін, масатыдай құрағына бір аунар ма еді!» деп қамықты ма екен? Жоқ, бәлкім «қалай да жауды жеңіп, еліме, анама ораламын» деп қайраттанған шығар?! Біз үшін бұл жұмбақ болып қала береді...



Орындалған аманат


Кенттің бауырластар зиратына  тез жеттік. Айнала аппақ омбы  қар. Маңайдағы бейіттердің барлығы күтулі екені көрініп тұр. Өзіміз суретін көрген мемориал тақтаға жақындаған сайын жүрегім атша тулап қоя берді. Қасына таяғанда, қолымды бірдеңе пісіп өткендей болды. Сөйтсек, боздақтардың қабірін көмкере раушан гүлдерін егіп тастапты, соның тікені екен. Сара апамыз жеткен бойда ағатайының  мұздай суық құлпытасына маңдайын тигізіп, біраз үнсіз қалды. Терең толғаныс құшағында іштей егіліп тұрғанын сездім. Шейіт болған ағасымен жетпіс бес жылдан кейін бақұлдасып, шерін тарқатып, арманда кеткен анасының, әпке-ағатайларының, нағашы әулетіміздің аманатын күбірлеп айтып жатыр. Мен де нағашымның рухымен тілдесіп, анамның өзегін өртеген сағынышын, өкінішін жеткізуге тырыстым. Украиндық бауырлар бізге кедергі жасамай, сыртымыздан бақылап қана тұр.  Апамыз мауқын әбден басқаннан  кейін барып, ақ шүберекке түйіп әкелген туған жердің бір уыс топырағын атамыздың қабірінің үстіне жайлап септік. Әкемнен үйренген Ықылас пен Фатиха сүрелерін оқып, бір аят құранымызды бағыштадым. «Жатқан жеріңіз жайлы болсын, нағашы! Жаныңыз пейіште шалқып, қабіріңіз нұрға бөленсін!» Бір уыс топырақты аңсап, құран дәметіп жатқан атамыздың аруағы да сол күні бір аунап түскен шығар.



«Өлі риза болмай, тірі байымас» деген мәтелдің мәнін бауырлас халықтың өкілдері бізден де жете түсінетін сияқты. Мені олардың  өлгендерге деген құрметі тәнті етті. Бауырластар зиратының аумағы үнемі тазартылып, жазда жасыл желек пен гүлдерге оранатынын суреттерден көрдік.


(Жалғасы бар)


 


Өскемен-Киев-Днепр-Славгород

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив