KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, В
444.14 477.05 4.85

Жаңа азық-түлік базары ашылады

19.01.2016, 18:00 101



Өскемен қаласының әкімдігі шаһардағы базарлардың сыртқы келбетін жөнге келтіру және жалпы сауда жүргізу жағдайын жақсарту сияқты мәселелерге ерекше басымдық бере бастады. Бүгінде бұл бағытта кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, біртіндеп көше саудасы жойылып, жабық ғимаратар салынуда. Сондай-ақ, болашақта қалада жаңа азық-түлік базары да пайда болмақ, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың тапсырмасы бойынша, аталмыш бағыттағы жұмыстар үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде 200-ден астам сауда нүктесі жойылып, өрт сөндіру және жедел жәрдем техникасы жүретін жолдар тазартылған. Бұдан кейін Орталық базар төңірегіндегі сауда орындарының иелерімен нысандар аумағының бас жоспары әзірленген. Қазір сауда нүктелері осы жоспарға сәйкес орналастырылуда. Үшінші кезеңде «FreshMarket» гастрономының жанынан жаңа азық-түлік базары салынады деп жоспарланып отыр.

Тағы бір атап өтерлік жайт, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында бүгінде жұмыс істеп тұрған базарлардың аумағында келешекте төбесі жабық ғимараттар да пайда болады. Мәселен, «Заречный» базарында 60 орындық павильон құрылысы аяқталып қойды. Ал «Дос-Нар» базарының аумағында тіптен көпсалалы өндірістік кешен бой көтермек екен. Сонымен қатар, қалада «Мирный» атты жаңа толайым және бөлшектеп сату орталығы ашылып, онда 90-нан астам жаңа жұмыс орны құрылған-ды. Биыл «Галит» базарын қайта жарақтандыру жұмыстары да қолға алынады деп күтілуде.

- Мен «Заречный» базарының маңында тұрамын. Айтайын дегенім, соңғы кездері базардың және оған іргелес аумақтың санитарлық жағдайы анағұрлым жақсарды. Жалпы, қаламыздағы базарлардың сыртқы келбеті мен ішіндегі тазалығы көңіл көншітерлік деңгейге жеткенін атап өткен орынды. Базарлардың аумағы да айтарлықтай кеңейген. Ең бастысы, көше саудасының тамырына балта шабылды. Бұл жұмысты тоқтатпай, әрі қарай жалғастыра беру керек, - дейді қала тұрғыны Гүлфариза Қасымова.

Бұған қоса, бүгінде облыс орталығында тұрақтандыру қорының өнімдерін сататын сауда нүктелерінің желісін көбейту бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылы Өскемен қаласына бұл мақсатқа төрт мыңға жуық тонна өнім сатып алынған. Бүгінде бұл тауардың 200-ге таяу тоннасы тұтынушысын тапқан. Сонымен қоса, инфляциялық үрдістерді тежеу амалдары жөнінде 85 меморандумға қол қойылғанын да атап өткен абзал.

Нұржан Кенжеұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив