KZ
Өскемен
+2°
небольшая облачность Штиль
443.35 475.54 4.82

Коммуналдық тарифтерді қалыптастыру үдерісі оңтайландырылды

14.06.2015, 18:00 153



Өскемен қаласында коммуналдық тарифтерді қалыптастыру мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтті. Жиынға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жаманғарин қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Басқосудың негізгі тақырыбы ағымдағы жылдың мамыр айында «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заңға енгізілген өзгертулер және толықтырулармен таныстыру болды.

Семинар барысында Еуропалық даму және қайта құру банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жобалардың тарифін қалыптастырудың жаңа тетіктері талқыланды.

- Семинар-кеңесті өткізуге біздің өңірді таңдағандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс экономикасына инвестиция тарту бойынша жұмыстар қолға алынған. Сәуір айында Еуропалық даму және қайта құру банкімен Өскемен және Семей қалаларындағы су құбырларын жаңғыртуға арналған келісімге қол қойылды. Бүгінгі кеңесте оның тарифін қалыптастыру мәселесіне арналған сауалдарымызға жауап табамыз деген ойдамын, - деді облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жаманғаринның айтуынша, табиғи монополияларды қорғау және реттеу заңдарына үстіміздегі жылы бірқатар өзгерістер енгізілген. Комитет төрағасы 2015 жылдың 5 мамырында «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңына енгізілген өзгерістермен таныстырды. Оның айтуынша, енгізілген түзетулер мен өзгерістер тарифті қалыптастыру үдерісін оңтайландырып, инвестициялық жобаларды қарастыру мерзімін қысқартты.

- Бұл заң табиғи монополия субъектілерінің жұмысын көп жеңілдетеді. Заңда субсидиялау, қаржыландыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қатысты өзгерістер де енгізілді. Инвестициялық жобаларды жасау мен өтінімді қарастыру мерзімдері екі жақ үшін де тиімді болады, - деді өз сөзінде Серік Жаманғарин.

Семинар-кеңес барысында табиғи монополиялар субъектілері қызметінің әкімшілік кедергілерін төмендету, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы жауапкершілікті нығайту сияқты мәселелер қарастырылды. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметі мен тарифті қалыптастыру жария түрінде болу керектігіне басты назар аударылды. Мәселен Заңның 3-бабында табиғи монополиялар субъектілері тарифті қалыптасыру барысында БАҚ, мемлекеттік орган өкілдерінің, депутаттардың, тұтынушылардың қатысумен жария тыңдаулар өткізілсін деген тармақшасы бар.

«Эрнст энд Янг - кеңес беру қызметі» ЖШС өкілі Жаннат Сәлімова-Текайдың айтуынша, компания Ұлттық экономика министрлігі мен Еуропалық даму және қайта құру банкімен қаржыландырылатын жобалардың тарифін реформалауға қатысты кеңес беруге әрқашан әзір.

Табиғи монополиялар субъектілері тарапынан комитет төрағасына жолданған сауалдарға нақты жауаптар алынды. Сондай-ақ, еліміздің өзге өңірлерінен келген компания өкілдері коммуналдық қызмет көрсетудегі өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Лаура Тілеубайқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив