KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 3 м/с, В
444.14 477.05 4.85

Ассамблея арулары өнер көрсетті

10.03.2015, 18:00 81



Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, Өскемендегі облыстық Достық үйінде әр ұлттың сұлуларының қатысуымен «Ассамблея аруы» байқауы өткізілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Байқауға қатысқан үміткерлердің жасы 14 пен 25 жас аралығында болды. Әр этномәдени бірлестіктің атынан сайысқа түскен қыздар алдымен өздерінің ұлттық киімдерін, ұлттық салт-дәстүрін паш етті. Салтанатты жиын басталар алдында аталмыш байқаудың ұйымдастырушылары жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады.

- Баршаларыңызды шын жүректен көктемдей көркем мейрамдарыңызбен құттықтаймын. Бүгінгі күні өңірімізде 110 этномәдени орталық пен қоғамдық ұйым болса, солардың 66-сына нәзік жандар жетекшілік етеді. Бұл көрсеткіш әйелдер қауымының қоғамдық өмірдегі белсенділігін танытады. Сіздерге мызғымас денсаулық, баянды бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев.

Қазылар алқасы арулардың көркімен бірге білімділігіне, киім үлгілеріне баса назар аударды. Залдағы әйелдер қауымының барлығына гүл шоқтары табысталып, Ассамблея арулары ортаға шықты. Концерт барысында әр ұлттың биін билеген арулар көрерменді әншіліктерімен де тамсандырды. Байқау қорытындысы бойынша Ассамблея аруларының барлығы атаулы 10 номинацияға ие болды.

Дарын Нұрсапаров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив