Өндірісті қаланың өзегі
Бір кездері жасыл желекке оранған Өскеменнің көшелері мен саябақтары қазір жалаңаштанып бара жатыр. Бұл жағдай табиғатқа жаны ашитын әр тұрғынды алаңдатады. Таяуда өскемендік қоғам белсендісі серуендеп қайту үшін Жамбыл саябағына барғанын әлеуметтік желіде жазды.
Жамбылға араша түсер жан бар ма?
– Бүгін қалада ауа райы қолайсыз болып тұр, кеуде керіп дем алатын таза ауа жоқ. Бір кездері біздің өнеркәсіпті шаһардағы ең жасыл жерлердің бірі болған, сүйікті Жамбыл саябағын аралауды жөн көрдім. Саябаққа кірген сәтте өз көзіме өзім сенбедім. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана жасыл желекке оранып, шаһарымызға көрік беріп тұрған саябақтың басынан бағы тайып, бұрынғы сән-салтанатынан айырыла бастапты. Жамбыл саябағының қазіргі жағдайы мүшкіл, – деп жазған «Экокелісім» халықтың денсаулығын сақтауға және экологияға әрекет ету бойынша облыстық қауымдастығы» ЗТБ президенті Татьяна Чернышова дәлел ретінде бірнеше суретті жариялады.
Сонымен қатар қоғам белсендісі мұнда көпжылдық ағаштар оталғанын және олардың ауру емес, сау екендігі діңінен көрініп тұрғанын айтады. Ал ескі, қурап қалғандарына ешкім тиіспеген. Кесілген бір ағаштың орнына үш жас тал отырғызылуға тиіс. Алайда бұл көшеттер бой салып өскенше, айналасына сая болатындай мәуелі бәйтерекке айналғанша біраз жыл уақыт керек.
– Мен бұл мәселені бұрын да көтерген едім. Алайда құзырлы органдар маған саябақта ағаштарды кесу жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын, ландшафтты дизайнға сәйкес жас ағаштар отырғызылатынын айтқан. Бәлкім, мен бірдеңені дұрыс түсінбей тұрған шығармын, бірақ олар ұсынған ландшафтты дизайн тұрғындарға керек емес. Өскемен сияқты өнеркәсіптік қалада таза ауамен қамтамасыз ететін жасыл желек қажет, – дейді Татьяна Чернышова.
Біз облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының директоры Арсен Теннен осы мәселе туралы сұраған едік. Музей-қорық басшысының айтуынша, Жамбыл саябағында зерттеу жүргізген Алтай ботаникалык бағының дендрологтары ондағы жасыл желектің 70%-ын жаңарту қажет деген қорытындыға келіпті. Мамандар ағаштардың түрлі ауруға шалдыққанын анықтаған. Музей-корықта ағаш көшеттерін отырғызудың дендрологиялық жоспары бар, соған сәйкес, жыл сайын кәрі ағаштар кесіліп, бір ағаштың орнына 20 көшет егіледі. Мысалы, үш жыл ішінде саябақта биіктігі 3 метрге жететін 200 шырша, 7-8 метрге жететін 20 шырша, 2,5-3 метр болатын 100 қарағай, 1-1,5 метр болатын 100 қарағай отырғызылған. Сондай-ақ 200 жалпақ жапырақты ағаш, атап айтқанда, шетен, қайың, емен, жөке, долана, жаңғақ, мойыл, сонымен қатар 500-ге жуық басқа ағаш, 35 бозарша егілген.
«Әлеуметтік желіде жарияланған суретке келсек, қыста қар жауғанда ескі үйеңкі құлап, ол үлкен шыршаны сындырып, саябақтың қоршауын бүлдірді. Саябақты көгалдандырумен айналысатын мамандар кәрі, қисық өскен үйеңкілер мен қарағаштарды кесіп, орнына басқа ағаштар отырғызу туралы шешім кабылдады. Өздігінен өскен жеті кәрі үйеңкі мен карағаш кесілді. Ағаштарды отырғызған соң жасыл желек қалпына келтіріледі», – деп жауап берді облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының басшылығы.
Өскемен тұрғыны, қоғам белсендісі Мағаша Сайдуақасова да қаладағы жасыл желектің кесілуіне алаңдаулы екенін жасырмады.
– Жыл сайын көп ағаш отырғыздық деп жар саламыз, бірақ нақты істе бәрі керісінше. Жасыл аймақтар азайып, тас қалаға айналып барамыз. Сондықтан көктемде ағаштарды отырғызбас бұрын, егілетін көшеттердің түріне, санына, оларға қалай күтім жасалғанына және күзде қаншасы тамыр жайғанына тексеріс жүргізу керек. Бюджетте көгалдандыруға салынған қаражатты бақылау қажет, экологтар бұл мәселені бақылауға алады деп үміттенемін, – дейді ол.
Ағаштардың басы неге кесіледі?
Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абзал Мәулетханов Сәтпаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы ағаштардың не үшін кесіліп жатқанын түсіндірді.
– Бұл жерде екі қабатты жол айрығын салу жоспарланған. Жоба бойынша аумағы белгіленген, сол жерді ағаштардан тазалап жатыр. Кейін шабылған ағаштардың орнына көшеттер егіп, оның өсуін мердігер қадағалайды. Бұл оның міндеті, шартта жазылған. Көшеттер қай жерге егілетіні жол салынған соң анықталады, – деген Абзал Асқарұлы.
Татьяна Чернышова қаладағы «жасыл қорды» сақтап қалу үшін мониторинг жүргізетін жұмысшы тобы құрылғанын айтты.
– Облыс орталығының «жасыл қорын» сақтау мақсатында Amanat партиясы облыстық филиалының экологиялық қоғамдық кеңесі уәкілетті органдардың қатысуымен шаһардағы ағаштар мен өсімдіктерге мониторинг жүргізу үшін жұмыс тобын құрды. Бұл жағдайды зерттеп қана қоймай, аумақтарды көгалдандыру бойынша ұсыныстар айтуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Белгілі жазушы, натуралист Борис Щербаков – Жамбыл саябағын көгалдандыруға атсалысқандардың бірі. Саябақты айнала, қоршауының өн бойында ең әуелі шыршаларды отырғызу жазушының идеясы екен. Сол кезде жастықтың шабытымен төрт ай бойы бір тиын жалақы алмай жұмыс істепті. Черемшанкадан жүз түп емен ағашын көшіріп әкеліп, отырғызады. «Әдемілікке, сұлулыққа талпындық» дейді ол.
– Жамбыл, Қасым Қайсенов саябақтарында және махаббат аллеясында өсіп тұрған ағаштардың басы түгел шорт кесілген. Осындай бір сән бе, түсінбеймін. Бұл әдемі ме, сонда? Діңгегі жуан, көпжылдық бәйтерек екені көрініп тұр, бірақ басын қырқып тастаған. Үйлердің ауласында да осындай «бассыз» ағаштар көп. Ол ағаштың жіп-жіңішке бұтақтары жан-жағына тарбиып өсіп шыққаны көрген көзге біртүрлі. Шапқан кезде ағаштың қабығы қопарылып, ол жерге зиянды микрофлора түседі. Кейбір ағаштар бірден солып қалады, не болмаса жоғарыда айтқандай тарбиған бұтақтар өседі. Өйткені ағаштың да жаны, құрылымы бар, – дейді ғалым.
Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарының айтуынша, ағаштардың басы санитарлық мақсатта кесіледі. Ең бастысы, қауіпсіздік үшін, қурап тұрған бұтақтары адамдардың үстіне құлап мертіктіруі мүмкін. Болмаса көлікке, үйге құлап қиратуы ықтимал. Сол себепті кесіледі. Екінші себебі – жөнсіз өскен ағаштар жарық шамдарды көлеңкелеп тастайды. Тіпті электр желісіне тиіп, оны бүлдіруі де ғажап емес.
Өлкетанушы ағаштардың басын шабу қажет болса, жас кезінде істеу керек дейді. Себебі жас шыбықтар тамырын тереңге жайған ағаштарға қарағанда тез жетіліп кетеді.
– Мен Үндістанда джунглиде болдым. Сонда Мадхука ағашын көрдім. Бұл мәңгі жасыл ағаштың биіктігі 20 метрге дейін жетеді, қуаңшылыққа өте төзімді. Талдықорғанға, сол сияқты Ферғанаға (Өзбекстан) барғанда жолдың екі шетіне отырғызылған теректердің өсе келе, бастары бірігіп, жасыл тоннельге айналғанын көрдім. Қандай керемет! Жанында сылдырлап арық ағып жатады. Ал біздің белсенділер ауладағы көпжылдық ағаштармен алысып әуре болып жүр, – дейді Борис Щербаков.
Менталитетті өзгерту керек
Жазушы өзі тұрып жатқан Қазақстан көшесі, 64-ші үйдің ауласындағы оталған ағаштарды көрсетті.
Айтуына қарағанда, анау бір жерде мәуелі тау күлі (рябина) жайқалып өсіп тұрған. Ешкімге зияны болған жоқ, біреудің терезесін көлеңкелейтіндей үйге жақын да тұрған жоқ. Анау тұста көпжылғы кәрі емен ағашы қоқыс жәшіктерін көзден тасалап тұратын. Тұрғындар таңертең тау күліне келіп қонған құстардың әдемі дауысын, бұлбұлдың сайрағанын естіп оянатын. Аулада мамыргүл (сирень) ағашы гүлдеп, жұпар иіс аңқитын.
– Содан бір белсенді әйел шығып, бір-екі күнде ауламызды тып-типыл қылғаны. Бейнебір арамшөптен арылғысы келгендей, шетінен отап тастады. Бір күні сыртқа шықсам жұмысшылар емен ағашын кесіп жатыр. Дереу қалалық әкімдікке хабарластым. Қалалық мәслихаттың төрағасы Александр Светаш келіп тоқтатты. Кесілген ағаштарды екі «КамАЗ-ға» әрең сыйдырып, әкетті, – деп кейіді жазушы.
Борис Щербаков қоршаған ортаға зиян келтірушілермен ымырасыз күресу қажет дейді.
– Алдымен табиғатқа деген менталитетті өзгерту керек. Мысалы, қытайлар ешқашан қарағайды кеспейді, оларда өлген адамның жаны қарағайға қонады деген сенім бар. Облысты аралаған кезде айдалада тұрған жалғыз түп ағаштың да аяусыз шабылғанын көргем. Ешкімге зияны жоқ, бұтақтарының арасы әртүрлі құстардың ұясына толы тоғайды дәті шыдап, қалай кесуге болады? Мемлекет басшысының елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, эстетикалық тұрғыдан тәртіпке келтіру туралы тапсырмасы бар. Осы игілікті іске еріктілерді, белсенділер мен қарапайым тұрғындарды тарту керек. Ортағасырлық таным-түсінікпен өмір сүруді доғару керек. Айналамызды көгалдандыру – біздің мәдениетіміздің көрінісі, – деп түйіндеді жазушы Борис Щербаков.
Бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абзал Мәулетханов бұрын саябақтарды басқару басқармасы болғанын айтты. Қазір сол басқарманы қайта құру үшін құжаттар дайындалып жатыр екен. Егер салалық басқарма құрылса, қаладағы саябақтарға қамқорлық арта түсер деген сенім мол.