KZ
Өскемен
+16°
туман Штиль
474.71 511.74 5.54

Қылқалам шебері еске алынды

28.09.2014, 18:00 120



Кескіндемеші, акварельші, қолданбалы өнер шебері, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Александр Иванович Коробков өткен ғасырдың 70-ші жылдары-ақ республика мәдени өмірінің картасында Шығыс Қазақстанның бейнелеу өнерін айшықтаған кәсіби суретшілер қатарына жатады. Шығыс Қазақстан өнер мұражайы қылқалам шеберінің жеке көрмесін ашып, жуықта ғана өмірден озған қылқалам шеберін еске алды.

Мұндай адамның өмірден өтуі жақын достары мен туыстарының ғана ауыр қайғысы емес, суретшімен шығармашылық байланыста болған адамдардың барлығының да рухани өміріндегі орны толмас өкініш. Біз қайырымды, зиялы, ақжарқын адамды ғана жоғалтқан жоқпыз, біз әлемді оның көзімен көру мүмкіндігінен көз жазып қалдық. Ал ол көзқарас айрықша, әрі аса талантты болатын. Өнер мұражайының суретшілер үшін өткізіп тұратын байқауларында енді Коробковтың жұмыстары болмайды. Соңғы жылдары ол жұмыс істеген Сол жағалаудың 2015 жылғы көктемінің қандай болатындығын біз оның суреттері арқылы білмейтін боламыз деп еске алды көрменің ашылуында сөз алған мұражай мамандары мен марқұмның әріптестері - өнер мұражайының директоры Н.Қалиева, суретшілер Н.В.Малютин, С.П.Щупляк, Г. Бекбердинова, А.С. Богушевич және басқалары.

Александр Иванович өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қылқаламын тастамаған суретші болды. Суретшіні еске алу көрмесінде оның жуықта салынған, биыл көктемдегі және «Қызыл киімді қыз», «Балалық шақтың өзені» сияқты ХХ ғасырда салған жұмыстары қойылды. Пейзаждық жұмыстарында суретші өзінің ұзақ жылдардағы өзіне тән «салқын», қоңыр-жасыл бояу түстерінен айныған жоқ, Ол жапырағы жайқалған ағаштарды, наурыздың борпылдақ қарын, ескі ағаш үйлерді, туған қаласының жақсы аулаларын салуға құмар еді. Алтай өлкесінің (ол Рубцовск маңындағы Чистюньки селосында туған) тумасы А. И. Коробков П.П. Беньков атындағы Ташкент көркемсурет училищесінің кескіндеме бөлімін бітірген. Шығыс Қазақстанға келіп, ол өз тағдырын біздің өлкемен берік байланыстырды. 1976 жылы КСРО және Қазақстан Суретшілер одағына қабылданды. Одаққа өтуге кепілдемені Гүлфайруз Мансурқызы Исмаилованың өзі берген екен.

Суретшінің қызы Татьяна Александровна Маткина әкесінің өсиеті бойынша оның тоғыз акварельдік шығармалар коллекциясын өнер мұражайының қорына табыс етті. Нағыз шеберлік пен шабыттың үлгісі ретінде суретшінің шығармашылық мұрасы көпшіліктің рухани қазынасына айналары сөзсіз.

Суретшіні еске алу көрмесі бірінші қарашаға дейін жұмыс істейді.

Айтмұхамбет Қасымов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив