KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
487.37 532.94 5.09

Қатерлі дерт меңдегендерді демейтін орталық ашылды

4.05.2014, 18:00 98



Шығыс Қазақстан облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі сараптамалық жұмыс тобы облыстық онкологиялық диспансерде болып, науқастардың емделу жағдайларымен танысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Биылғы ақпан айында онкологиялық диспансердің ішінен қатерлі ісік ауруы асқынған науқастарды емдеп, қолдайтын бөлім - паллиативті көмек көрсету орталығы ашылған болатын.

- Обыр дерті меңдеген науқастардың қиналысын азайтып, ауруын басуға бағытталған бұл орталық облыстық қоғамдық кеңестің бастамасымен ашылды. Қазір орталықта психологтар да жұмыс істеп жатқанын көріп тұрмыз. Қатерлі дертке шалдыққандарды емдеуге республика қазынасынан бөлініп жатқан қаражат көлемі жыл өткен сайын көбейіп келеді. Біздің мақсатымыз - олардың орынды, тиімді жұмсалып, халықтың денсаулығын түзеуге септігін тигізуін қадағалау, - дейді кеңестің сарап тамалық жұмыс тобының төрайымы Татьяна Чернышова.

Онкологиялық диспансер бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Сағидуллина жұмыс тобын паллиативті орталық қызметімен және онкологиялық диспансердің биыл жаңадан салынып, пайдалануға берілген аурухана корпусының заманауи талаптарға сай бөлмелерімен, құрал-жабдықтарымен таныстырды.

Жаңа корпустың екі-үш адамдық кең де жарық палаталарының әрқайсысында тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, жуыну ванналары, санитарлық тазалық тораптары бар. Науқастарға келушілер олармен бұрынғыдай дәлізде емес, телевизор қойылып, жайлы жиһаздармен жабдықталған арнайы бөлмелерде кездеседі.

Диспансер бас дәрігерінің орынбасары паллиативті көмек орталығының да осындай еуропалық қызмет көрсету деңгейіне сай етіліп жабдықталып, жетілдірілетінін айтты. Енді орталықтың демалыс бөлмелеріне субұрқақтар орнатылады.

Шығыс Қазақстан облысында ауырып жатқан туыстарының паллиативті орталыққа келіп орналасуына, емделуіне өтініш білдіргендердің саны көп. Сондықтан алдағы уақытта орталықтағы төсек орнының саны көбейтілмек. Аудандардағы науқастар бұл жерге жергілікті жердегі онколог дәрігерлердің жолдамасымен қабылданады.

Қатерлі дертке шалдыққан науқастарды емдеп, сауықтыруға қолдан келгенше барлық жағдайлар жасала бермек. Диспансер басшылығы бұл іске қайырымдылық көрсетіп, атсалысуға «Қазцинк», ТМК, ҮМЗ сияқты ірі кәсіпорындарды да шақырып отыр.

Жанаргүл Мұқатай
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив