KZ
Өскемен
-7°
туман Штиль
479.23 534.96 5.16

Шығыс Қазақстан суретшілерінің туындыларымен таныстырды

27.01.2014, 18:00 209



Қазақстан Республикасының халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 110 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда атақты қыл қалам шеберінің жолын қуған шығысқазақстандық суретшілер жайында айтылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан өнер мұражайы экскурсиялық-көрме секторының маманы Л. Мартынова өзінің «Аңғалдық немесе қарапайымдылық – көркемдік шығармашылық тәсіл» деп аталатын баяндамасында қарапайым тәсілмен салатын суретшілердің басты және оларды өзгелерден ерекшелендіріп тұратын қасиеттердің бірі - суретшінің ішкі сарайының еркіндігі, әлемді жаңаша көре білу қабілеті екендігін айта келе, Шығыс Қазақстан мұражайының қорындағы Ю.Негодаев, Н. Малютин, С. Семибратов, Г.Сухотерин, М. Абабков жұмыстарымен таныстырып өтті. Баяндамашы табиғи дарынымен өз туындыларын қарапайым тәсілден жоғары кәсіби деңгейге дейін көтере алған Шәңгерей Ибрайұлының тамаша сюжеттік акварельдеріне жан-жақты тоқталды. Шәңгерей Ибрайұлы – сан қырлы талант иесі, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрінің білгірі, таңғаларлық шығармашылық қуатты қылқалам шебері – жерлесіміз.

Жас шағында білім алуға мүмкіндігі болмай, жылдар өте экономикалық білім алып, Шығыс Қазақстан облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Ш Ибрайұлының жүрек қалауы - сурет өнері болып, қолы қалт еткенде сүйікті ісімен айналысқан. Ұлы суретшілердің шығармаларына қарап үйреніп, ұқсап бағуға тырысқан. Әуесқой суретші алдын ала салып дайындап алған суреттерін өзгелердікіне ұқсамайтын өзіндік бір зергерлікпен «бояу» техникасын жасап, қалыптастырады.

Баяндамашы Шәңгерей Ибраевтың «Бата», «Бүркітші» сияқты акварельмен орындаған жұмыстарын конференцияға қатысушыларға слайд арқылы көрсетіп, таныстырып өтті. «Шәңгерейдің жұмыстарында Қастеев суреттеріне ұқсастық көп болғандықтан біз ол кісіні «Шығыстың Қастееві» деп мақтанышпен атаймыз, өйткені Ә. Қастеев шығармалары -- Шәңгерей өнерінің қайнар бастауы, іргетасы болып табылады» – деп түйіндеді өзінің баяндамасын шығысқазақстандық өнертанушы Л.Мартынова.

Жоғары арнайы білімі болмаса да, өзінің ерекше талантымен, еңбекқорлығымен қазақ жерінің дархандығын, халқының өмір-тіршілігін, кешегісі мен бүгінгісін қылқаламымен жырлап өткен, Қазақстан өнерін әлемге танытқан Ә.Қастеев шығармалары жан-жақты зерттелуде, әлі де зерттелетін болады. Конференцияда әр деңгейдегі өнертанушылар суретшінің шығармалары бойынша «Дәуірдің ғылыми-техникалық жетістіктері Ә. Қастеев шығармашылығында», «Суретші Ә. Қастеевтің естеліктердегі бейнесі», «Ә.Қастеев шығармашылығындағы мәңгілік құндылықтар», «Ұлттық идея: Қастеевтен қазіргі заманға дейін» сияқты қызықты да мазмұнды баяндамалар ұсынды.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив