1-желтоқсанда бүкіл ел аумағында айрықша аталып өтілетін Тұңғыш Президент күні қарсаңында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Назарбаевтану» ғылыми-сараптамалық орталығы ашылады. Бұл мерекенің тойлануы аймақта 20-қарашадан басталып, он күн бойы 600-дей мерекелік іс-шара жалғасын таппақ, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Аппараттық кеңесте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев осындай ақпарат берді.
Оның сөзіне қарағанда, облыстың барлық аудандары мен қалаларында, ауылдық жерлерде Елбасы мен еліміздің жетістіктерін, толағай табыстарын жалпақ жұртқа паш ететін ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіліп, спорттық ойындар, түрлі байқаулар мен концерттік бағдарламалар, конференциялар ұйымдастырылмақ.
Хоккей қораптары мен мұз айдындардың, бірқатар әлеуметтік нысандардың салтанатты түрде іске қосылуы да дәл осы күнмен тұспа-тұс келіп отыр. Өз кезегінде аймақ басшысы Б.Сапарбаев Тұңғыш Президент күнін жалпыхалықтық, бұқаралық мейрам сипатында жоғары деңгейде атап өту қажеттігіне тоқталды.