KZ
Өскемен
+21°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Қараңғы қапастан әулие құс алып шығыпты

26.10.2013, 18:00 308


Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылының тұрғыны Төлеу Жанбайсенов Абай ауданының Шыңғыс бөктеріндегі Қоңыр әулие үңгірі туралы бір қызық оқиғаны айтқаны бар, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Оның айтуынша, 1949-жылдары Дегелең тауы аймағында полигон сынағы жүріп жатқан кез. Сол кезеңде Қоңыр әулие үңгіріне 3-4 жолаушы саяхаттап барады ғой. Үңгірді тамашалап, біраз жеріне барғанда полигондағы жарылыс қуатынан жартас құлап, жолды жауып қалады. Арада біршама уақыт өтіп, үңгірді қою қараңғылық басады. Содан саяхатшылар «енді қайттік?» – деп тұрғанда бір жапалақ тәрізді құстың дауысы мен қанатының сусылдағаны естіліп, анадайдан сызат сәуле байқалады. Құс бұларға тақап келіп, қайта ұшады. Соны пайдаланған саяхатшылар құс соңынан сүріне-қабына жылжиды ғой.

Біраз жүрген соң үңгірдің тынысы кеңейіп, жарық молая түседі. Сол-ақ екен, әлгі жол бастаушы құс көзден ғайып болыпты. Бойлары сергіп, көңілдері жай тапқан саяхатшылар үсті-бастарын қағып, бірін-бірі құшақтап, қауқылдасып қалады. Біраздан соң олардың іштеріндегі естиярлау біреуі: «әй, жігіттер, не білдіңдер, әлгі бізге жол көрсеткен неғылған құс? Осы құс меніңше, қасиетіңнен айналайын Қоңыр әулиенің бізді құтқаруға жіберген әулие серігі болар. Ол болмаса, біз осы үңгірде жол таба алмай өлетін едік. Сендер бұл ғажайыпты, әулиенің адам сенбес қасиетті қылығын ұрпақтан-ұрпаққа айта жүріңдер» - депті. Міне, сол әңгіме арада 50-60 жыл уақыт өткенде бізге де жетіп отыр. Бұл шынында да, Қоңыр әулиенің адамға деген мейірімі болса керек.

Жалпы, осы Қоңыр әулие үңгірінің адам таңғаларлық ғажайып құрылыс-табиғатын көзі көріп, куә болғандар таңдана әңгімелейді. Үңгірдің кіре-берісі – адам қырындап қана кіре алатын тар қуыс. Қабырғаларының биіктігі екі метрден сәл жоғары. Үңгірдің ішінде бір-екі метр жүрген соң әк тасты алаңға кезігесің. Одан әрі үңгір табанына ірі ақ тастар төгілген. Ал он метрдей жерден әріректе ақталған тас мүсін жатыр. Оны жергілікті тұрғындар «Қалмақ» деп атайды. Солға қарай бұрылыста шағын жерасты көлі бар. Оң жақта ұзындығы 115-120 метрдей, ені 10-нан 40 метрге, ал тереңдігі 15 метрге дейін жететін үлкен көл орналасқан. Суынан әк дәмі білінеді. Суы терең, өте таза әрі суық.

Келушілердің айтуына қарағанда, көлдің емдік қасиеті мол. Аяғы мен белі ауырып, жүре алмай, қарға адым жер мұң болып қалған талайлар осы көлдің суынан ем тапқан. Көргендер оның көзге даритын қасиеті де ерен дегенді айтады. Тек әулие рухына сыйынып, ақ ниет, шынайы сеніммен баратындарға ғана ем қонатыны содан болса керек.

Мәуітқазы Зүкенов

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив