KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 3,9 м/с, СБ
481.84 531.33 5.07

«Жазушы дауысы» атты жазылымның тұсауы кесілді

20.10.2013, 18:00 56


Өскемендегі орталық қалалық кітапхананың қызметкерлері ақын-жазушылардың өз шығармасын оқыған дауыстарын жазып алуды қолға алып отыр. Олар жергілікті он ақын-жазушының өз дауысымен жазылған аудиокітабының тұсауын кесті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Екі тілде жарық көрген «Жазушы дауысы» атты жазылымның тұсаукесер салтанатына авторлар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Өз дауысының тарих қатпарына айнымай сақталып жатқанына ақын-жазушылар да дән риза. Белгілі ақын Серік Ғабдуллаұлы бұл елімізде бірінші рет атқарылып жатқан игі бастама екенін тілге тиек етіп, өздерін ұлықтап жатқан кітапхана қызметкерлеріне алғысын айтты.

Кітапхананың бөлім меңгерушісі Бикамал Мұқиманованың айтуынша, бұл тек ақын-жазушылардың алтын дауысын болашаққа жеткізу ғана емес, бүгінгі оқушылар мен оқытушыларға да өте тиімді көрінеді.
– Шығарма авторларының кейбір кездесулерге бара алмай қалатын кездері де болады. Ал балалар болса, өздері белгілі бір шығармасын оқып жүрген автордың дауысын естігісі келеді. Біздің бұл аудиокітаптарымыз сондай кездерде таптырмас құрал болмақ, - дейді Б.Мұқиманова.

Біздің өңірде қанат қаққан бұл бастама келешекте басқа өңірлерде де жалғасын тауып жатса, еш таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені, интернеттен игіліктерін тауып отырған бүгінгі буын үшін бұл - таптырмас дүние. Кез келген оқырман қалаған шығармасын өз үйінде отырып-ақ оның авторының оқуында тыңдай береді.

Ең сүйініштісі, кітапхана қызметкерлері жергілікті ақын-жазушылардың алтын дауысын әрі қарай жинастыра береміз деп отыр.

Мұратқан Кенжеханұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив