Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық мамандары бұрынғы Семей полигоны болған аумақта шағын ферма салып, эксперимент түрінде үй жануарларын өсіруде, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.[/b]
Биыл онда тауықтар мен торайлар, қойлар сынаққа алыныпты. Олардың бір тобына рационға радиоктивті уланған заттар қосылып берілсе, екінші тобы бұрынғы сынақ алаңда өскен шөптермен қамтылуда. Бір қызығы, зерттеу жұмыстары анықтағандай, барлық сынамаларда өнімнің құрамында радионуклидтердің белсенділігі шекті мөлшерден төмен екенін көрсеткен.
– Біз жетінші жыл болды эксперимент жүргізіп келеміз. Қазір фермада елуден астам тауық бар, олардың әрқайсысы күніне бір жұмыртқадан береді. Жұмыртқалар тіркеуге алынып, зерттеуге жіберіледі. Сондай-ақ ферманың қасында шағын жер теліміне көкөністер өсіріп жатырмыз. Жаз бойы осының бәрін өсіріп, өнімді жинап алған соң қыстай олардың құрамын зерттеумен айналысамыз, - дейді Ұлттық ядролық орталықтың қызметкері Сергей Лукашенко.
Алайда маманның айтуынша, үй жануарларына қарағанда көкөністер өсіру қаладан алпыс шақырым жерде орналасқан фермада қиын. Өйткені онда жарық жоқ, су тапшы.