Үржар ауданындағы барлық шаруа қожалықтары, серіктестіктер мен жеке шаруалар бүгінгі күні жоспардан тыс мал азығын дайындауда , деп хабарлайды Altaynews.kz.
Биылғы мол ылғал шөптің шығымын ұлғайтты. Әсіресе, таулы аймақта шөп белуардан келді. Мәселен, екпе шөптің әр гектарынан 30-35 центнерден, табиғи шөп 15 центнерден шабылды. Ендігі мақсат – осы мол өнімді дер кезінде жинап алу. Аудандағы шаруа қожалықтары бүгінгі күні осы бір жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізуде. Жалпы, жоспар бойынша аудан 205 мың тонна пішен дайындау керек болса, бұл күндері ол межеден асып түсті. Қазір 210 мың 600 тонна мал азығы дайындалды. Бұл – барлық дайындалатын шөп көлемінің 102,7 пайызы. Сондай-ақ, 2400 тонна сүрлем дайындалып, жоспар 120 пайызға орындалды.
– Шөп дайындау барысы Бестерек, Қаратұма, Көлденең, Салқынбел ауылдық округтерінде тыңғылықты ұйымдастырылып, бұл елді мекендер тапсырманы 106 пайызға асыра орындады, – дейді Үржар аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Қ.Қарашев.
Берікхан Тайжігіт
Мәлімет көзі: Altaynews.kz