KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
439.4 473.54 4.76

Жаңа маусым Оралхан Бөкейдің шығармасымен ашылмақ

4.09.2013, 18:00 125


Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық драма театр ұжымы он төртінші маусымның ашылу салтанатына дайындық үстінде. Биылғы маусым Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние» атты бір актілі лирикалық драмасымен ашылмақшы, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Театр ұжымына драматургтің шығармалары етене таныс. Ел болып еске алып, құрмет тұтатын, ақиық ақын, белгілі жазушы драматург, Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына орай қойылатын қойылымға ерекше мән беріліп отыр. Өнердегі тәжірибе алмасу мақсатында, Семейдегі Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер Бауыржан Түлеков шақырылып, дайындық жұмысы басталып кетті.

Қазір Бауыржан Түлеков жаңа спектакльдің актерлар құрамы мен көркемдік жағын әзірлеп жатыр. Жамбыл драма театрының қазақ труппасы халықаралық бәйгелерде топ жарып жүрген талантты өнерпаздар екендігі баршаға аян. Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние» повесін сахнаға лайықтап жазып шыққан Ербол Жуасбектің айтуынша, жазушының кез келген туындысы сахнаға сұранып тұрғандай.

Естеріңізге сала кетейік, «Мынау аппақ дүние» повесінде Шыңғыстай ауылына күнбағыс өсіруге келген неміс қызы Луиза мен оқушы Нұрланның бала махаббаты, Қожақ есімді шопыр жігіттің ауыр тағдыры, соғыстан кейінгі ауыл тұрғындарының қоңырқай тіршілігі баяндалады.

Жамбыл драма театры баспасөз қызметінің хабарлауынша, спектакль 27-28-қыркүйек күндері қойылады. Тағы бір ескерте кететін жәйт, биыл ең көп билет сатып алған, театрдың ең белсенді көрермені келер маусымды жыл бойы тегін тамашалай алатын сертификатқа ие болады.

Дарын Нұрсапаров

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив