Өскемен қаласында тамыз кеңесінде облыстың үздік педагогтары салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгісі Өскемендегі «Геодезия және картография» колледжі директорының орынбасары А.Ащеуловқа табыс етілсе, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен «ШҚО балалар ауылы» КМК-ның директоры А.Ислямов, Черемшанка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Т.Бекишев,
Өскемен құрылыс колледжі директорының орынбасары Н.Бай-саринова марапатталды.
№4 Күршім орта мектебінің қызметкері Н.Сүлейменова, Зайсан ауданы Қаратал ауылындағы «Азамат» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі Ж.Құдайбергенова және басқалар облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді.
"Облыстың үздік білім беру мекемесі" сайысында Аягөз ауданының мектеп-лицейі жеңімапаз атанып, 14 900 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Ал қажырлы еңбегі мен біліктілігінің арқасында «Үздік педагог – 2013» облыстық байқауының қорытындысы бойынша әріптестерінің арасынан оқ бойы озып шығып, бас жүлдені иеленген Жарма ауданы, Суықбұлақ орта мектебінің математика және физика пәні мұғалімі Лариса Тоғызбаева аймақ басшысының қолынан «Лада приора» маркалы жеңіл автокөліктің кілтін алды.
– Өте қуаныштымын. Ең әуелі біз секілді қарапайым мұғалімдердің еңбегін елеп-ескеріп, осылай қамқорлық көрсетіп жатқан облыс басшылығына алғысым шексіз. Бұл сый-сияпат, құрмет маған ерекше әсер етуде. Жаңа оқу жылы қарсаңында марапатталуым алдағы қызметімді бұдан да нәтижелі атқаруыма оң әсерін тигізеді деп ойлаймын, – дейді байқау жеңімпазы Лариса Тоғызбаева.
Суреттерді түсірген Е.Орынбаев