KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 2 м/с, З
478.96 533.03 5.22

Әулиенің киесі ұрған жүргізуші жолда қалды

24.08.2013, 18:00 275


Шамамен 1950 жылдардың жаз айы болар. «Көкпекті» совхозының Сұлутал фермасы ол жылдары Ақсуат ауданы өңіріне қоныстанған болатын. Шалғайдағы ауылға совхоз орталығынан мал мамандары, бас зоотехник, бас мал дәрігерлері қатынасып, есеп-қисап алып, жайлауға көшіріп деген сияқты ұшы-қиыры жоқ жұмыстар жүріп жататын кез. Сондай мақсатпен орталықтан Чернов дейтін жүргізуші фермаға барып, ауылды жайлауға – Тарбағатай тауына көшірісіп, елге қайтады ғой, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Судай жаңа машина, лыпылдап тұрған жүргізуші. Оның қасындағы егделеу мал маманы. Коммунистік партияның бүкіл әлемге құдіреті жүріп тұр. Ел ішінде дінге қарсы, қожа-молдаға, көріпкел-бақсыға лағынет айтып, адамдардың бойына құдайсыздар идеясын мықтап сіңірген мезгіл. Тіпті, кейбір жерлерде коммунистер жаназаға тұрып, қол жа-йып, өліге құран бағыштауға да қатыса алмайтын. Десек те, кейбір егде адамдар іштей болса да құдайға сиынып, өліге зиярат өтіп, зират басына жасырын болса да барып, жақындарына құран бағыштағанын көріп жүретінбіз.

Сондай иманды жанның бірі болар орыс шопырының қасындағы егде мал маманы – Бекежан таудағы жайлауға ферма малын жайғастырып, мидай жазық төте жолмен совхоз орталығына бет алады. Алдарында Бөрітостаған шоқысының солтүстік батысында – сол өңірге аты мәлім Найман Қаракерей Досқанаұлы Ырғызбай әулиенің зираты. Іштей өзінше дұғасын айтып, әулие атасына сиынып келе жатқан Бекең зиратқа таяған мезгілде:

– Әй, шырағым, алдымызда бүкіл қазаққа белгілі қасиетті Ырғызбай әулиенің зираты бар. Мәшін жүрісін баяулатып, тоқтап, ақырындап өту керек, – деп ескертеді.

Жаңа мәшіннің қызуына мастанған жүргізуші тыңдасын ба, одан сайын жылдамдығын арттырып, жол серігін мазақтап:
– Мен қазір құдайыңа да табынбаймын. Оның қасында мынау мыжырайған бейіт иесіне бас иіп, шұлғы дейсің бе?! Жоқ, жүрісімді арттырмасам, кемітпеймін деп, ызғыта бергенде, машинаның төрт дөңгелегі бірден жарылып, шаң бұрқ етіп, мәшине бірден теңкиіп барып тоқтап қалыпты. Біреуі ғана емес, төртеуі бірдей жарылған.

– Әй, оңбаған иттің күшігі, айтып, ескертіп едім, болмадың. Әйтеуір амал жоқ, аман қалдық. Кесепаттанып, әулиенің киесіне жолықтық, – деп шырылдап Бекең отыр. Есі шығып, не істерін білмей жарылған дөңгелектерді шұқылап жүргізуші жүр.
– Рас, әулие кісі екен. Анада бір әріптес шопыр айтқанда, сенбеп едім. Енді көзім жетті, жарықтық кешіре гөр, – деп жас жігіт жылап жіберіпті.

Содан былай Чернов әулие басынан өтерде тоқтап, ізет етіп, содан соң ғана ары қарай ақырын жылжитын болыпты, деп көргендер айтып жүруші еді.

Мәуітқазы Зүкенов

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив