Жезкент кентінде ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған түзетілім кабинеті жұмыс істейді. Бұл балаларға арналған жайлы кабинет «Металлург» Мәдениет үйінде орналасқан , деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Балалардың осында өткізген әрбір күні олардың жандарына қуаныш, бақыт, жылу сыйлайды. Әлеуметтік қызметкерлер Жазира Жұмабаева, Татьяна Унру өздерінің қамқорлығындағы балалармен шын ниеттерімен айналысады. Әр сәрсенбіде мүмкіндігі шектеулі балалар сабақ үйренуге кабинеттеріне, тәрбиешілеріне асығады.
Бұл жерде олар өз достарының ортасында жаңа нәрселерді үйренеді, әңгімелеседі. Балақайлар қолданбалы шығармашылық, қолөнер бұйымдарын жасайды, тігін инесімен жұмыс істеуді үйренеді.
Олардың қолынан шыққан кереметтер өздерін ғана емес, сонымен қатар ата-аналары мен тәлімгерлерін де қуантуда.
Жезкент кенті округі әкімшілігі мен ата-аналар өмірге осындай жобаның келуіне көмектескен депутат В.М. Ежоваға, Жезкент №2 мектеп директоры О.Ж. Мұсабековке, Бородулиха ауданының әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығының директоры Ф.Ф. Бектембаеваға, «Металлург» Мәдениет үйінің директоры М.К.Исаеваға және кенттің жеке кәсіпкерлеріне шексіз риза.