KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
488.26 530.54 5.03

Семейдің үлкен бір көшесі енді Болат Сыбановтың есімімен аталады

10.06.2013, 18:00 169


Семейдің іргесіндегі Құрманқожа ауылының тумасы, талантты актер, тамаша әнші Болат Сыбановтың 75 жылдық мерейтойына орай Семейдегі Абай атындағы театрда еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бүгінде көзі тірі болса оның өзін ортаға алып, осынау мерейтойын дүркіретіп, тойлап жатқан болар едік. Алайда, өкінішке қарай, ағамыз осыдан он бес жыл бұрын елі алпыс жылдығын енді тойлаймыз деп дайындалып жатқанда, кенеттен пәни дүниеден бақи дүниеге аттанып, кете барды.

Жан-жақты талант иесі Болат он жасынан әнші атанған еді. Он үш жасында Семейге келіп, қала мектебінде оқиды. Ал бар-жоғы он алты-он жеті жасында осындағы Абай атындағы облыстық драма театрына актер болып жұмысқа орналасады. Мұнда оншақты жыл қызмет еткен кезінде ол Ғ.Мүсіреповтің, сондай-ақ, шетел және орыс классиктерінің драмалық шығармаларында ойнаған басты рөлдердің иін қандырып, сахнаға шығара білді.

Бөкең театр сахнасында осылайша талабын ұштай жүріп, әншілік өнерін де дамыта түсті. Атақты Сегізсерінің «Ақбұлақ», Әсет Бейсеуовтің «Жұлдызым» секілді әуезді әндерінің Бөкеңнің орындауында жұлдызы жанды. Сонымен қатар, өзі шығарған «Таң самалы», «Жаным-ай», «Ғашықтар», «Жан ана», «Бақытым» сынды әндері халық арасында кеңінен таралды.

Бұл жолғы еске алу кешінде талантты актер, тамаша әнші, белгілі сазгер хақында мазмұнды естеліктер молынан айтылып, Нұриден Иманбаев, Гүлшат Еруова, Тұрсынғазы Рахимов, Бақыт Үдербаева сияқты және басқа да жергілікті әншілер Бөкеңнің әуезді әндерін келістіре орындады.

Дәл осы тұста Бөкеңнің ұлы Қанат та әке жолын қуып, әншілігімен жұртшылық көңілінен шыға бастағанын айтпасқа болмайды. Жақында әншінің жары Үміт жеңгеміздің бас болуымен Бөкеңнің ән кітабы жарыққа шықты және Семейдің бір үлкен көшесіне есімі берілді.

Дәулет Сейсенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив