Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық инспекциялық тобы сәуір айында облыс аумағында ауқымды тексеру іс-шараларын жүргізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, тексеру барысында 20 мекемеде 22 қателік анықталған, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Тексеру жұмыстары алты бағыт бойынша жүргізілді: ғимараттағы мемлекеттік рәміздердің орналастырылуы, түнгі уақытта жарықтандырылуы, ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін рәміздерді ауыстыру және жою, Елтаңбаның бейнесі бар мемлекеттік органдар мөрі, жетекшілер кабинетіндегі мемлекеттік рәміздердің орналас-тырылуы, ведомстволардың ресми сайттарындағы «Мемлекеттік рәміздер» айдарының болуы.
Тексеру кезінде денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы басқармаларында мемлекеттік рәміздердің жарықтандырылмағаны анықталды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасындағы Ту ескіріп, тозығы жетсе, ауыл шаруашылығы басқармасындағы Елтаңба кірлеген. Ербол Нұрғалиев мемлекеттік рәміздердің стандарттары жөнінде арнайы әдістемелік кітапшалар шығарылып, барлық мекемеге таратылғанын атап өтті.
Облыс орталығындағы мемлекеттік рәміздердің қолданылуы туралы қала әкімі Темірбек Қасымжанов баяндама жасады. «Өскеменде 162 мемлекеттік мекеме болса, оның ішінде 140 мекеменің өз ғимараты бар. Барлығы мемлекеттік Тумен, Елтаңбамен, Әнұранмен қамтамасыз етілді. Түнгі уақытта жарықтандырылуы жолға қойылды», – деді қала әкімі.
Өскеменде комиссия анықтаған кемшіліктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен құрылыс колледжіне тиесілі болатын. Жыл басынан бері жүргізілген екі рейд барысында анықталған олқылықтарға орай мекеме басшыларына хат жолданып, орын алған кемшіліктер жойылды.
Думан Анаш