KZ
Өскемен
+11°
переменная облачность жел 2 м/с, З
479.71 533.77 5.16

Серебрянка бейорганикалық өнімдер зауыты банкрот деп жарияланады

26.05.2013, 18:00 419


Ел арасында «жұмысын тоқтатады екен» деген алып-қашпа әңгімеге тиек болған Серебрянка қаласындағы бейорганикалық өндіріс зауыты жабылмайды. Зырян ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала түзуші кәсіпорын жұмысшыларымен кездескенде осылай деді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Серебрянка бейорганикалық өнімдер зауыты банкрот деп жарияланадыСеребрянка бейорганикалық өндіріс зауыты – полиэтилен материалынан жасалған бұйымдар мен тыныс алу жолдарын қорғауға арналған, улы газдарды ұстап қалатын заманауи респираторлар, өнеркәсіптік фильтрлер шығаратын еліміздегі жалғыз өндіріс орны. Мұнда сонымен қатар өзге де тауарлар шығаратын бірнеше қосымша цех жұмыс істейді. Зауытқа тапсырыс берушілер қатарында қазақстандық өндіріс орындары ғана емес, Нижний Новгород, Пермь, Кременчуг, Кемерово сияқты Ресейдің алыс-жақын қалаларының кәсіпорындары да болған. Бірақ 2011 жылдың соңына қарай айналым қаржысының жоқтығынан кәсіпорынның шаруасы тығырыққа тіреліп, тапсырыс берушілерден қол үзіп қалған-ды. Қазір бұл жерде бар-жоғы жүз елуге жетер-жетпес қана жұмысшы еңбек етуде.

Серебрянка бейорганикалық өнімдер зауыты банкрот деп жарияланады«Серебрянка бейорганикалық өнімдер зауыты»ЖШС-нің директоры Леонид Нестеренконың айтуынша, шыңырауға батқан өндірісті аяғынан тік тұрғызуға екі проблема кедергі келтіріп отырған көрінеді. Олар – серіктестікте кепілдікке қоятын дүние-мүліктің болмауы және меншік иесінің анықталмауына байланысты инвестиция тарту мүмкіндігі жоқ.

Серебрянка бейорганикалық өнімдер зауыты банкрот деп жарияланадыЗауытты аралап, жағдайды көзімен көрген облыс басшысы қаржылық қиындықтарды бастан кешіріп отырған кәсіпорын жұмыскерлерімен кездесуде былай деді:
– Ең бастысы, кәсіпорын жұмыс істеп, адамдар еңбекақыларын уақтылы алуы керек. Біз қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Былтыр облыстық бюджеттен 100 миллион теңгеден артық ақша бөлдік. Ендігі міндет – меншік иесін анықтау. Бұл біраз уақытқа созылатын шаруа. Сондықтан жұмысты тездетіп, әрі жеңілдету үшін біз тиісті министрліктер және ведомстволар басшыларымен бір шешімге келіп, алдымен өндіріс орнын банкрот деп жариялауды ұйғардық.

Сонымен қатар аймақ басшысы осы айдың соңында салаға қатысты министрліктердің қатысуымен өтетін комиссия
отырысында кәсіпорынды банкрот деп жариялаудың жолдары қарастырылатынын жеткізді. Бұның да өзіндік түйткілдері бар көрінеді. Өңір басшысының айтуына қарағанда, зауытты тұтас бір лотпен сату үшін ол стратегиялық нысандар қатарына жатқызылуы тиіс. Ал цехтар бойынша бөлшектеп сату тәртібі ұзақ уақытқа созылатын машақаты көп шаруа.

Сондықтан бүгінде кәсіпорынды стратегиялық нысандар санатына қосу жөнінде республика деңгейінде келісімдер жүргізілуде.

Бұл жұмыстар оң шешімін тапса, алдын ала жүргізілген келісімге сәйкес серіктестіктің жаңа қожайыны болып «Қазинжини-ринг» ҰК» акционерлік қоғамы мемлекеттік кәсіпорны табылмақ.

Айта кетейік, ұлттық компания қазіргі уақытта Семей қаласында екі бірдей зауытқа иелік етіп, нәтижелі жұмыс істеп жатыр.

Зауыт жаңа қолға өтіп, тұрақты жұмыс ырғағына көшкенде оның дайын тауарларын Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағ-дайлар министрлігі, «Қазцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ сияқты ірі тапсырыс берушілер сатып ала бастайды. Қазір қоймада 60 миллион теңгенің үстіндегі дайын өнімдер бар.

– Зауыт жабылмайды! Біздің міндет – жұмысшылардың бұрынғыдай еңбек етіп, жалақыларын уақтылы алып тұруын қам-тамасыз ету. Қала жұртшылығы жұмыссыз қалмау үшін Серебрянканы моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгіздік, – деп түсіндірген аймақ басшысы еңбек ұжымы-мен кездесуде көтерілген басқа да сұрақ-тарға жауап берді.

Атап айтқанда, сумен қамтамасыз ету, медицина мамандарының тапшылығы, жолдың сапасыздығы секілді түйткілдер сөз болды.

Серебрянка шаһарында облыс басшысы былтыр күрделі жөндеуден өткен қалалық жылу қазандығының күл шығару жүйесін көрді. Алдағы уақытта мұндағы қатты отын қоймасын және жерасты жолдарын бейорганикалық өндіріс зауытының иелігінен (банкрот жарияланған соң) коммуналдық меншікке алуға мүмкіндік болады. Бұл шешім екі кәсіпорынның да жұмыс тиімділігін арттыра түспек.

Серік Әбілхан
Суреттерді түсірген С.Суров

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив