KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 5 м/с, СБ
479.71 533.77 5.16

Қорғаныс кәсіпорындарын дамыту қолға алынып жатыр

9.07.2014, 18:00 151



Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге Семей қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, жұмысымен танысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Алдымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әуе базасында және инженерлік-саперлік және артиллериялық бригадада болған министр «Семей инжиниринг», «Семей машина жасау зауыты» АҚ қорғаныс-өнеркәсіптік кешені секілді кәсіпорындардың қызметін көзімен көрді.

Өңірлік қолбасшылық алдына бірқатар тапсырмалар қойған министр қорғаныс өнеркәсіптік секторын одан әрі нығайту және жаңа өнеркәсіптік желілерді игеру қажеттігін атап өтті.

2003 жылдан бері «Қазақстан инжиниринг» ҰАҚ-ның құрамына кірген Семей машина жасау зауытында жолсыз жерлермен жүру мүмкіндігі жоғары шынжыр табанды техникаларды құрастырып шығарудың толық циклді өндірісі жүзеге асырылады. Әскери техникаларды құрастыру және жөндеуден бөлек, мұнда теміржол өнімдері, блок-контейнерлер, аспалы қондырғылар және басқа тауарлар шығарылады. «Семей машина жасау зауыты» АҚ-ның бас директоры Нұрлан Омаровтың айтуынша, болашақта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бірқатар жобаларды орындау көзделіп отыр. Атап айтқанда, спорт кешені мен 20 пәтерлі тұрғын үй салу, машина жасаушылардың мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Бұған қоса кәсіпорын басшылығы болашақта шығаратын тауарлардың түрлерін көбейту мақсатында қытайлық компаниялармен бірлесіп, пикап (жеңіл жүк және жолаушылар тасымалдайтын ашық қорапты мәшине) санатына жататын жүк көліктері мен шағын автобустар өндірісін қолға алмақ.

ҚР Қорғаныс министрі Серік АхметовҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов

Зауыттың жұмысымен танысып шыққан Қорғаныс министрі Серік Ахметовтың назарын Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов өңірдегі проблемалық кәсіпорындардың біріне саналатын Серебрянка бейорганикалық бұйымдар зауытының мәселесіне аударды. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда аталмыш өндіріс орны банкроттық үрдістерді бастан кешіруде. Күздің ортасына қарай ағылшын және голландтық тәсілдер бойынша кәсіпорынның мүліктері саудаланатын болады. Ал келесі жылдың басынан жаңа қожайын шаруасы тығырыққа тірелген Серебрянка бейорганикалық бұйымдар зауытын сырттан қаржы тарта отырып, қайта «жаңғыртуға» кірісуі тиіс.

Қазір онда барлығы 164 адам еңбек етуде. Олар облысымыздағы ірі кәсіпорындардың жалпы сомасы 203 млн. теңге көлеміндегі тапсырысын орындап отыр. Алайда, мұның өзі зауыттың толық жұмыс қуаттылығының 10 пайызы ғана.

- Министрдің жұмыс сапары кезінде Серебрянка қаласындағы бейорганикалық бұйымдар зауытының мәселесі көтерілді. Үкімет қаулысына сәйкес аталған мүліктік кешен ең төменгі бағамен сатылатын болды. Зауытты аяғынан тік тұрғызу үшін «Қазақстан инжиниринг» компаниясының жобасы арқылы инвестиция енгізіледі. Егер бұл жобалар жүзеге асырылатын болса, Серебрянка моноқаласының дамуына үлкен серпін берер еді, - деп түсіндірген Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов келешекте зауытта басқа да өндіріс орындарын ашу көзделіп отырғанын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, әлеуетті инвестордың жобасына сәйкес онда бұрыннан келе жатқан адам ағзасының тыныс алу мүшелерін қорғайтын заттар шығару өндірісімен қатар, ағаш өндеу, энергоқұрылғыларға арналған жабдықтар шығару цехтарын іске қосу жоспарланған. Ол жерде жиыны 380 адам тұрақты еңбекке алынбақ. Мемлекет тарапынан қолдау ретінде 158 млн. теңге қарастырылған.

Моноқалада орналасқан бейорганикалық зауыттың әлеуеті зор екенін атап көрсеткен ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев Қорғаныс министрінен қалатүзуші кәсіпорынға қолдау көрсетуін сұрады.

Серік Әбілхан
суретті түсірген Сергей Суров
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив