Мектеп бітіру кешін дүркіретіп өткізу міндет пе?
Еліміздегі барлық білім ошағында соңғы қоңырау соғылып, түлектердің үлкен өмірге қанат қағуына да саусақпен санарлық күндер қалды. Тарыдай болып кіріп, таудай өрен етіп қалыптастырған алтын ұясынан түлеп ұшу кез келген шәкірт жүрегіне қимастық сезім ұялатары анық. Оқу жылын ойдағыдай аяқтап, дәстүрге айналған соңғы қоңырауды өткізгеннен кейін түлектер мектеп бітіру кешін күтіп, уақыт санай бастайды. Дегенмен кейінгі жылдары баласы асыға күтетін кеш ата-ана үшін уайымға айналғаны рас.
Ұлттық бірыңғай тестілеуден кейін оқушы үшін аттестат тапсыру рәсімі мен салтанатты шаралардың өз жауапкершілігі бар. Киімдері, шаш үлгісі мен боянып-сылануын былай қойғанда, мейрамхана, банкет пен жалға алынған қымбат көліктер, түрлі оқу орнын таңдап, студент атанатын жастардың таңды қарсы алып, көңіл көтеруі... Иә, өмірінде бір рет болатын кешке түлектер де барын салып дайындалады. Ал бұл кеш ата-аналардың қалтасына салмақ түсіретіні анық. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын оқу жылының соңында мектеп бітіру кешін кең көлемде атап өтпеу керектігін, ол түлектердің өмірі мен денсаулығына қауіпті болуы мүмкін екендігін, ата-аналардан ақша жинамауды ескертеді. Оған себеп те жоқ емес, әрине. Бірнеше сағатқа созылатын қуанышын тойлап, жалға алынған көлікпен көшеде қыдырған жастардың әрекеті соңында қайғылы жағдайлармен аяқталып жатқан сәттер де жетерлік. Мұндай оқиғалар кім-кімге де өмірлік сабақ болуға тиіс.
Биыл да соңғы қоңырау мерекесі талапқа сай өткізіліп, бітіру кеші бұрынғыдай кең көлемде атап өтілмейтін болды. Яғни, еліміздің білім оордаларында оқу жылы 34 аптаға созылады. Сондай-ақ 3,8 миллионнан астам оқушы 2023-2024 оқу жылын аяқтайды, оның ішінде 186 мыңы мектеппен қош айтысады. Ал Шығыс Қазақстанда 3847 түлек үлкен өмірге қанат қағады.
«Бірқатар облыстағы су тасқыны жағдайына байланысты және соңғы күн сенбіге келіп тұрғандықтан биыл 24 мамыр күні сағат 9.00-де «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаты жоспарланған. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды. Ал 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау 25 мамырда өтеді. Мемлекеттік емтиханды 9-сынып оқушылары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, 11(12)-сыныптар 28 мамыр мен 11 маусым аралығында тапсырады. Аттестат табыстау және арнайы «Алтын белгі» төсбелгісімен марапаттау 12-15 маусым аралығында мектеп емтихандары аяқталғаннан кейін болады деп жоспарланған», – деді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ барлық деңгейдегі білім бөлімдерінің басшыларына, мектеп директорларына мектеп бітіру кештерін өткізу кезінде оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылған. Оның ішінде мектеп бітіру кештерін міндетті түрде білім мекемесінің қабырғасында немесе ауласында өткізу, іс-шараға түлектердің мектеп формасымен қатысуын және барынша қарапайым өткізілуін қатаң бақылау басты назарға алынбақ.
Оқушы кезең қайта оралмас шақ. Он бір жыл бойы балалықтың қызығын бірге көріп, бір сыныпта білім алған достарымен енді бір партада отырмайды. Әркім өз тіршілік қамымен алыстап кете баратыны да белгілі. Сол себепті де түлектер сыныптастарымен өткізетін соңғы қоңырау кешін ойдағыдай атап өткісі келеді. Десе де талап орындалуға тиіс.
–Университетке екі рет түсуге, екі диплом алуға болады. Ал мектепті өмірімізде бір-ақ рет тәмамдаймыз. Аттестат үлкен өмірге жолдама сияқты. Әр бала арман қуып әр қалаға, әр салаға кетеді. Сондықтан түлектердің есінде қалатындай мектеп бітіру кеші өткізілгені дұрыс деп ойлаймын. Тек барлығы ата-анамыз бен ұстаздардың бақылауында болуға тиіс. Ересек өмірге қадам басқалы отырған қатарластарымыз қызықтың жетегіне ермей, жауапкершілікті сезініп, өміріне қауіп төндіретін әрекетке бармауы керек, – дейді 11-сынып оқушысы Дана Дидарқызы.
Айта кету керек, мектеп бітіруші түлектердің табиғат аясында серуендеуі, өзен-көлдерге, шағын су алаптарына шомылуы қатаң бақылауда болады. Себебі мұндай сауық-сайранның соңы тәртіп бұзушылықпен аяқталып жатқан оқиғалар аз емес. Бұл бағытта жыл сайын педагогтар мен білім басқармасы тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Білім саласының өкілдері де осынау жауапты кезеңде әр ата-ана баласымен сөйлесіп, отбасы тарапынан ақыл-кеңес, тиісті ескертпе айтуы қажет деп есептейді.
–Ата-аналар өз балаларын назардан тыс қалдырмай, үлкендердің рұқсатынсыз және мектептің келісімінсіз ешқайда жібермеуі керек. Мектеп бітіру кештерінің тойлануына шектеу қойылуын өз басым қолдаймын. Біріншіден, қазір еліміздің бірқатар аймағы табиғат апатынан зардап шегіп жатқанын білеміз. Ол аймақтарда да мектеп бітіретін балалар бар. Оларға қолдау ретінде даңғаза тойды шегере тұрған жөн. Екіншіден, ертеңгі күні студент атанатын бала ата-анасының қалтасына салмақ түсірмегені абзал. Баласының ешкімнен кем болмауы үшін несие алып, қарызға кіріп жататын ата-аналарды да көріп жатамыз. Қазіргі балалардың ой-өрісі бөлек, барлығын түсінеді, – деді Ы.Алтынсари атындағы орта мектептің мұғалімі Динара Қажымұратқызы.
Әлеуметтік желіде талқыға түскен бұл жаңалықты бірі қолдап жатса, енді бірі қарсылық білдіріп, балалық шақпен қоштасуы ерекше есінде қалғаны жөн екенін жарыса жазып жатыр. Алайда, бітірушілер үшін қуанышты сәттің ойдағыдай өтуі, оқушылардың қауіпсіздігі мұғалімдер мен ата-аналарға өте үлкен жауапкершілік жүктейді.
–Кез келген ата-ана баласы үшін барын аямайды. Бірақ мектеп бітіру кеші білім ордасының қабырғасында өткен жөн деп санаймын. Биыл өзімнің екі балам мектеппен қоштасады. Қазіргі балалардың талабы өте күшті. Салтанатты кештің жоғары деңгейде, қымбат мейрамханада өткенін қалайды. Бірақ ата-аналардың жағдайына да қарау керек. Оның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бірінің оған жағдайы келсе, енді бірінің қалтасы көтермейді. Сондықтан өгізді де өлтірмейтін, арбаны да қиратпайтын жолды таңдауға тура келеді. Негізі ұлан-асыр той қылмай, өзге де қызықты форматта, есте қаларлықтай ерекше етіп өткізуге болады деп ойлаймын, – дейді Айжан Оспанғалиева.
Мектеп бітіру кештерінің форматын өзгертуді құптайтындар көп. Бұл орайда өзге елдердің тәжірибесіне сүйену де артық етпес. «Әр елдің салты басқа» дегендей, мектеппен қоштасуды да әр ел әрқалай атап өтеді. Мәселен, Швецияда оқушылар өз мектебінің алдында шерулетіп, міндетті түрде ән шырқайды. Кейін олардың ата-аналары әрқайсына «бой жету» аттестаты мен балалық шағындағы суреттерін тарту етеді. Ал Жапонияда оқу жылы наурызда аяқталады. Түлектер ән шырқалып, халықтық билер биленетін айрықша хореографиялық шеру өткізеді. Жігіттер іскерлік костюм, ал қыздар кимоно киеді.Израильдік мектеп бітіру салтанаты да ерекше өтеді. Көбінесе оқушылар өздерінің ата-аналарына арнап сахналық көрініс әзірлейді. Театрландырылған қойылым қойып, концерт, мюзикл және тағы басқа мерекелік шаралар ұйымдастырады.
Демек біздің елде де мектеп бітіру кешіне арнап педагогтардың көмегімен креативті бағдарлама әзірлеп, ата-аналарына, сүйікті ұстаздарына және сыныптастарына алғыс айту түрінде мағыналы әрі қызықты форматта ұйымдастыруға әбден болады. Баланың есінде қалуы үшін форматы қымбат әрі сән-салтанатқа толы кеш болуы маңызды емес.
–Олар мектепті енді ғана бітірді. Студенттік шақта түрлі шаралар мен салтанатты кештерге қатысады. Ал аттестат тапсыру рәсімінде сол оқу формасын соңғы рет киіп, сүйікті мектебін тәмамдаған дұрыс, – дейді ата-аналар.
Ең бастысы, бір күндік қуаныш адамдардың денсаулығына, өміріне зиянын тигізіп, өкінішке айналмауы керек. Баласынан барын аямайтын ата-ананың, 11 жыл бойы тәлім берген ұстаздың тілегі сол, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған сәтте әрбір өреннің арманы аласармаса екен.