KZ
Өскемен
+10°
переменная облачность Штиль
478.89 528.74 5.29

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалының жаңа ғимараты Өскеменде пайдалануға берілді

28.03.2013, 18:00 115


Өскемен қаласында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

«Бұл банктің біздің облыстың экономикасы үшін, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуда қандай көмегі бар екенін өздеріңіз жақсы білесіздер Біздің облыста жұмыс істегеннен бергі аралықта банк 17 миллиард теңгенің несиесін берген. Оған қосымша үш миллиард теңгеге жуық тұрғын үй займы таратылған. Оның 300 миллион теңгеге жуығы – осы банктің өздерінің тапқан қаржыларының есебінен. Бұл – біздің облыс үшін үлкен көмек» деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ғимараттың ашылу салтанатында.

Кейінгі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылысқа бөлінетін қаржы осы банк арқылы жүргізіледі. Биыл Өскемен қаласында үш тұрғын үй пайдалануға беріледі. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына сәйкес биыл осы банк арқылы бізге 2 миллиард 600 миллион теңге берілген. Осыған орай Өскемен қаласында алты тұрғын үй салынады. Келесі айда бюджеттің нақтылауы болады. Сол кезде бізге тағы да қосымша 400 миллиондай теңге беріледі. Осының бәрін есептегенде оған біраз пәтер салуға болады.

Банктің тағы бір басты бағыты – жетім балаларға көмек көрсету. Республикада бірінші болып, біздің облыста банк жетім балалармен келісімшартқа қол қойған. Қазіргі уақытта 800-дей демеуші қолдауымен 60 миллион теңге қаржы жиналды. Бұл игі бастама күні бүгінге дейін жалғастырылып жатыр.

Біздің облыста былтырдан бастап, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар мен жетім балаларды қорғаудың 2011–2015 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында бастау алған «Мейірім» акциясы өткізіліп, өз нәтижесін беріп жатыр. Акцияға қатысушылар осы банкпен бірлесіп, негізінен жетімдер үйіндегі балаларды өз қамқорлығына алып, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр.

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы басқармасының төрайымы Нұрбибі Наурызбаева банктің негізгі стратегиялық бағыты халыққа сапалы қызмет көрсету, тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге жәрдемдесу екенін атап өтті. Бүл күндері банк ұжымы еліміздегі «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру шараларына белсенділікпен араласып, өздерінің қомақты үлестерін қосып келеді.

Бұл банк 2003 жылы құрылған. Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы жүйесін жүзеге асыратын жалғыз қаржы-несие институты. Қаланың дәл ортасынан осындай банк ғимаратын ашудағы мақсат өз салымшыларына қолайлы әрі тиімді жағдай жасау болып отыр.

Әлімжан Қадылбекұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив