Үстіміздегі жылдың екі айында ғана Шығыс Қазақстан облысының жолдарында балалардың қатысуымен 14 жол-апат оқиғасы тіркеліп, онда 15 бала жарақат алды. Өткен жылмен салыстырғанда балғындардың қатысуымен болған жол оқиғаларының саны 40 пайыз өскен, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Облыстық жол полициясының берген мәліметтеріне сүйенсек, Өскемен, Семей қалалары мен Зайсан және Жарма аудандары жасөспірімдердің жол апатына ең көп түсетін жерлері ретінде белгіленген.
Жол сақшыларының атап өткеніндей, биыл балалардың кінәсінен жолда бақытсыз оқиға тіркелмеген. 2012 жылы облыс аумағында жас жолаушылардың абайсыздығы кесірінен орын алған 31 жол-көлік апатында кәмелет жасына толмаған 31 жасөспірім зардап шегіп, 1 бүлдіршін мерт болды.
Мамандар жол апаты көп жағдайда балалардың жолды белгіленбеген жерлерде кесіп өтуінен, келе жатқан көліктердің алдынан жүгіріп шығуынан, көлік жүретін жолақтарда ойнап жүру салдарынан орын алатынын айтады.