KZ
Өскемен
+26°
ясно жел 6 м/с, ОБ
479.05 534.57 5.17

Наурыз мерекесі қарсаңында Семейде «Ана тілі сұлтаны» анықталды

13.03.2013, 18:00 222


Семей мемлекеттік педагогикалық институты «Қазақстан студенттер Альянсының» белсенді мүшелерінің ұйымдастыруымен «Ана тілі сұлтаны» байқауы өткізілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

Байқауға қатысуға институттың жеті факультетінің сері жігіттері өтініш білдірді. Мемлекеттік тілді дамыту мен халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық киім үлгілерін насихаттауды мақсат еткен бұл байқау екінші рет өтіп отыр.

«Ана тілі сұлтаны» байқауының қатысушылары 18 бен 22 жас аралығында болу керек, қазақ тілін еркін меңгерген, тілге шебер серілер ғана қатысады деп шарттар қойылған бұл байқау бес кезеңнен тұрды. «Жігітке жеті өнер де аз» демекш, сегіз қырлы бір сырлы сері жігіттеріміз байқауға өте жауапкершілікпен қарап, өздерін таныстырып, қазақ халқының салт- дәстүрлерінен көрініс көрсетті. Бұл сайыста қазақ филологиясы факультетінің студенті Қуаныш Шаймарданов ерекше көзге түсті.

«Білімді мыңды жығар» атты сайыста сері жігіттеріміз тарихымызды жақсы білетіндерін көрсетті. Көрермендер қауымы байқауға қатысқан сайыпқырандарды қолдап, жігер беріп отырды. Ал, «Өнерім-өмірім» байқауында әр сайыскерлеріміз өздерін жан-жақты көрсетіп, бар өнерлерін ортаға салды.

Интеллектуалды өресі, өнері, ана тілге деген ықыластары саралаған байқаудың қорытындысы бойынша «Ана тілі сұлтаны» атағы физика-математика факультетінің студенті Қуаныш Серікұлына берілді, психология-педагогика факультетінің студенті Алтынбек Сағидолла «Өнерлі жігіт» атанды. Ал, тарих-филология факультетінің студенті, басқа ұлт өкілі Игорь Горн қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білетіндігімен көзге түсіп, «Көрермен көзайымы» атанды. «Сері жігіт» атағы қазақ филологиясы факультетінің студенті Қуаныш Шаймарданға берілді.

Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, халқымыздың Жаңа жылы, Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында өткен қызықты да, танымды бұл сайыс көпшіліктің көңілінен шықты. Алдыда «Қыз сыны-2013» байқауы күтіп тұр.

Анар Қуанғалиева

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив