Семей өңіріндегі Ақбұлақ ауылында тағы бір шағын орталық ашылды. Бұл әлеуметтік маңызы зор жоба «Абыралы-Дегелен» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асып отыр , деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұрындары Ақбұлақта өмірге қажетті барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұрды. Жекешелендіру кезінде ғимараттардың кейбіреуі қолды болып кетсе, кейбіреуі мүлде қирап қалды. Тұрғындар ауылдан жаппай көше бастады. Сол себепті де жаңа шағын орталықтың ашылуын ауылдықтар үлкен үмітпн қабылдады, өмір бұрынғы ағысына қайта бұрылды.Әсіресе ата-аналар қуанышты, енді балғындардың өсіп-дамуына барлық жағдай жасалған.
Республикалық «Бота» қорының желісімен грант ұтып алған «Абыралы-Дегелен» қоғамдық қорының басшылығы Ақбұлақта балалардың шағын орталығын салу жөнінде шешім қабылдайды. Осы мақсатқа 3,5 миллиона теңге жұмсалды.
Қазір шағын орталықта 20 бүлдіршін екі ауысымда тәлім-тәрбие алып жатыр.Тәрбиешілерден басқа психолог пен логопед мамандар бар. Алғашқы сегіз айда ұжым еңбекақыны «Бота» республикалық қорының есебінен алады. Кейін бұл мекеме білім бөлімінің құзырына беріледі.
Раушан Мусина
Мәлімет көзі: Altaynews.kz