Курчатов қаласы аумағында Абыралы ауданы құрылуы мүмкін . Бұл туралы облыс әкімі интернет-конференция аясында түскен сауалдарға жауап беру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
"Мәселе екі жылдан бері көтеріліп келеді. Бұрынғы Абыралы ауданының елді мекендерінің болашағы Курчатов қаласына байланысты. Өйткені, ол жақтағы ауылдардың әлеуеті мен мүмкіндігі қуатты деп айта алмаймыз, малдан басқа ешқандай байлық та, табыс көзі де жоқ.
Сондықтан біз Курчатовтың келешегін ескере келе, оның үстіне Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалада ғылыми қалашық бой көтеруде, оған қоса біздің арнайы экономикалық аймақ құрсақ деген жоспарымыз бар. Мінеки, осындай мәселелерді қаперге ала отырып, Үкіметке орталығы Курчатов қаласы болып саналатын Абыралы ауданын құру жөнінде өтініш білдірудеміз.
Аудан қарамағына Курчатовтан басқа бұрынғы Абыралы ауданының барлық елді мекендері енеді. Ал жол мәселесіне келсек, аудан құрылып жатса, Қайнар мен Курчатовтың арасында автокөлік жолы салынады" деді аймақ басшысы.