Кеше өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс оныншы сессиясында 2013 жылға арналған облыстық бюджеттің шығыс бөлігіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинскаяның айтуынша, облыстық бюджетке енгізіліп отырған бұл өзгертулер мен толықтырулар 2013 жылғы 1 қаңтарда қалыптасып отырған 858121,1 мың теңге көлеміндегі қаржылай қалдықтарды қайта бөлумен байланысты.
Мәселен, облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы бойынша жалпыға ортақ әскери міндеттемелерді орындау аясындағы іс-шараларға 8788 мың теңге, облыстық деңгейдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюды ұйымдастыруға 4797 мың теңге қарастырылып отыр.
Сонымен бірге облыстық ішкі істер департаментіне қосымша 42511 мың теңге, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қосымша 62713 мың теңге, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 2930 мың теңге және GPS қондырғысын алу мен техникалық қызмет жасауға 1600 мың теңге жұмсалса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына асыл тұқымды мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағдарламасы бойынша берілетін лимиттер көлемі ұлғайтылған.
Сондай-ақ, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасына, облыстық білім, мәдениет, ішкі саясат, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармаларына тиісті қосымша қаражат көздері қарастырылды.
Дәурен Аллабергенұлы