KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 1,2 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Бизнесті дамыту аймақтарының жұмысы ақсап, тұрақтандыру қорлары тұралап тұр

20.01.2013, 18:00 85


Облыс Әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пайдаланылмай жатқан резервтерге, жұмыстың нәтиже беретін жаңа әдіс-тәсілдеріне басты назар аудару керектігін атап көрсетті. Қалалар мен аудандар әкімдеріне айтылған сын-ескертпелерге, жұмыс жағдайына сараптама жасауға жіті көңіл бөлуді тапсырды. Себебі, оларға жаңа шешімдерді жергілікті жерлерде жүзеге асыруға тура келеді. Мәжіліске Парламент Сенатының депутаттары Талғатбек Абайділдин мен Сергей Плотников қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

2012 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылға арналған жоспарлар туралы баяндаманы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская жасады.

Басқарма басшысы жалпы аймақтық өнім көлемі 1,7 триллион теңгеден асқанын, экономика өсімі 7 пайыз деңгейінде болжанып отырғанын атап өтті. Сыртқы сауда айналымы шамамен отыз пайызға артып, республикалық және жергілікті бюджетке түскен қаржы көзделген мөлшерден асыпты.
Бірақ, жекелеген көрсеткіштер бойынша облыс орташа республикалық деңгейге жете алмады. Кен өндіру саласында өнім 28 пайызға аз шығарылған. Сүт, ұн, сусын, киім-кешек, қағаз, құрылыс материалдарының өндірісі қысқара түскен.

Өскеменде барлығы да ірі бизнеске арқа сүйейді, алайда кәсіпкерлікті алпауыт кәсіпорындар айналасында дамыту жөнінен мақсатты жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Қазынадан 209 миллион теңге қаражат жұмсалған бизнесті дамыту аймақтарының шаруалары да мандымай келеді. Облыс орталығындағы осындай аймақта бірде-бір инвестициялық жоба атқарылмаған, Семейде тек екі жоба іске асырылуда. Облыс әкімінің Семейдің индустриялдық аймағы аумағында Түркияның Бурса өлкесіндегі кәсіпорындармен бірлескен өндіріс орындарын құру тапсырмасы да орындалмады.
Осы жылы Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша бар-жоғы төрт жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл былтырғы мөлшерден төмен.

Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бойынша облыс елімізде он бірінші орында тұр. Ал агроөндірістік салаға құйылып жатқан субсидияның өсу қарқыны өндіріс өсімінен 1,8 есеге көп. Берілген қаражаттың қайтарымы қайда? Былтыр аймағымызда бірде-бір асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық құрылмаған. Субсидиялар толық көлемінде игерілмей келеді. Соның салдарынан шетелдік және отандық сұрыптағы 25,4 мың бас ірі қара мен 51,2 мың бас қой сатылып алынбаған.
Бір жылдың ішінде 719 жәрмеңке ұйымдастырылған, 962 әлеуметтік сауда нысаны жұмыс істеп тұр, тұрақтандыру қорынан тауарлар төмендетілген бағамен өткізілуде. Дей тұрғанмен, биылғы қаңтар айында бірқатар азық-түлік түрлері қымбаттай түскен. Тұрақтандыру қорының жұмысына жүргізілген талдау аталмыш қордың баға деңгейіне айтарлықтай ықпал етпейтінін көрсетіп отыр.

Сараптама барлық дерлік өңірлерде жеке кірістер өсімі жеке шығыстар өсіміне сәйкес келмейтінін көрсеткен. Мәселен, 2011 жылы Семей мен Курчатовта жеке кірістер 20 және 16 пайызға өссе, шығыстар өсімі 60 және 63 пайызды құраған. Былтыр Бесқарағай, Жарма, Зайсан, Зырян, Тарбағатай, Ұлан аудандарында және Риддер қаласында жеке кірістер 10-20 пайызға өсіп, шығыстар өсімі 30-57 пайызды көрсеткен.

Тірек ауылдарды дамыту бағдарламасы аясында өткен жылға жоспарланған 822 жобаның тек 673-і ғана толық іске асырылған. 3490 жұмыс орнын ашу көзделген болатын, нақты құрылғаны – 3238. Көкпекті, Глубокое, Жарма аудандары тірек ауылдардың нақты секторын дамыту бойынша өз жоспарларын растай алмады.

Мектепке дейінгі біліммен қамтудың жалпы деңгейі 95,7 пайызды құрайды, бұл көрсеткіш Абай, Аягөз, Бесқарағай аудандарында тым төмен. Денсаулық сақтау жүйесіне былтыр 43 миллиард теңге бөлінген, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Аталмыш жайт осы саладағы қызмет көрсету сапасын көтеруге міндеттейді.

Денешынықтыру саласы туралы айтар болсақ, спорттық ғимараттар әлеуетінің тек жартысы ғана пайдаланылып келеді. Дәл осындай жағдай мәдениет саласында да орын алған. Мұражайларды қаржыландыру 1,6 есеге өскен, ал оларға барушылар саны тек 8 пайызға ғана көбейіпті.
Іске асыруы әлі жоспарланбаған жоба-лардың құжаттамаларын әзірлеу жалғасуда. Әзірленген 200 жоспардың 130-ы 2013-2015 жылдарға арналған не облыстық, не республикалық бюджетке енгізілмеген. Ал шағын шаһарларды дамыту, жұмыспен қамту және басқа да бағдарламалар аясында алдағы үш жылда жүзеге асырылатын жобалардың құжаттамалары әлі дайын емес.


Қала әкімі Серік Тәукебаев жағдайды оңалту жолында қандай шаралар атқарылып жатқаны жайында айтты. Айталық, тұрақтандыру қоры өнімін сататын сауда орындарының саны жүзге дейін жеткізілетін болады.

– Мәселе сауда нүктелерінің санында емес, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Олардың жұмыс істегені маңызды. Маған қалада тек он шақты сауда орны ғана жақсы жұмыс істеп жатқаны туралы ақпарат түсті. Жұртшылық бағаның қайтадан өсе бастағаны туралы дұрыс айтады. Зейнетақы көбейіп еді, баға да көтеріліп кетті. Онда біз несіне тұрақтандыру қорын құрдық, не үшін оны құруға 1,5 миллиард теңге жұмсадық? Сіз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жұмыс істетуіңіз қажет. Менің орынбасарым Кошелев осы үшін жауап беретін болады. Бәрі де бар. Осы тақырып жөнінде қашанғы айта бермекпіз?

Бердібек Сапарбаев қалалық әкімдіктің тұрғын үй құрылысын ұйымдастыру мәселесі бойынша жұмысын қатаң сынға алды. Қалада баспананы «Самұрық-Қазына» қоры салуға ниет білдіріп отыр, бірақ, ұйымдастыру мәселелері кедергі келтіруде. Жастары 70-тен асқан егде адамдардың қоғамдық көлікте тегін жүруі туралы мәселе де шешімін таппай келеді.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков те сын-ескертпелерге қатысты жауап берді.
– Семейдің кіріс өсімі 16 пайызды құраған, ал шығыс өсімі – 60 пайыз. Қала неге салық базасын кеңейтуді ойластырмайды? Семейде базар да, көлік те көп қой, – деді облыс Әкімі. – Үнемі алақан жайып отыра беруге болмайды. Семейдегі 20 кәсіпорында жалақы көлемі азайған. Бұл бақылаудың жоқтығын байқатады. Жуырда кірістер көлемін көбейтуге арналған арнайы жиын өткізетін боламыз. Сол кезде осы жайтты кеңінен қарастырамыз.

Облыс Әкімі семейліктерге бірқатар мәселелер бойынша шара қолдануды тапсырды, оның ішінде ауылдық амбулаторияларға көңіл бөлу, жекелеген үйлердің жылыту жүйелерін жақсарту жұмыстары да бар.

Бұдан соң Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов пен Курчатов қаласының әкімі Александр Генрих сөз алды. Мұнда да кірістерді ұлғайту тақырыбы талқыға салынды. Аталмыш өңірлер жаңа өндірістерді дамытуға қажет барлық әлеуеттерге ие. Бірақ, жаңа серіктестер тартуға деген қызығушылық байқалмайды.

Облыс Әкімі «Нұр Отан» партиясынан бастап, барлық қоғамдық ұйымдардың, депутаттардың құрылыс нысандарының сапасын қадағалау мәселелері бойынша белсенділігі азайғанын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Асуат Насыровты тыңдаған Бердібек Сапарбаев: «Субсидиялардың толық пайдаланылмағаны нәтижесінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жұмыстар толық іске асқан жоқ, біз шамамен 50 мың бас малды сатып ала алмадық. Егін шаруашылығына техникалық дақылдар, жаңа технологиялар шабан енгізілуде, шаруа қожалықтарын ірілендіру ісі баяу жүріп жатыр» деді.
Аймақ басшысы облысқа Азық-түлік корпорациясы бөлген 100 мың тоннадан артық әлеуметтік бидайдың пайдаланылуына жан-жақты тексеру тағайындайтынын жеткізді. Тірек ауылдарды дамыту туралы айтқан ол залда отырған әкімдер 18 миллиард теңгенің жобаларын ұсынғанын атап өтті.
Бірақ, олардың көбі іске аспай қалды.

– Егер біз өзіміздің барлық әлеуетіміз бен мүмкіндігімізді пайдалансақ, күнделікті талдаумен және бақылаумен айналыссақ, нәтиже бұдан да жақсы болар еді, – деп атап өтті облыс Әкімі. – Өзімнің орынбасарларыма кірістердің қосымша көздерін тарту бойынша кесте құруды және оның орындалуын ұдайы бақылауда ұстауды тапсырамын.

Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау, мәдениет, денешынықтыру және спорт саласындағы жекелеген кемшіліктер туралы айтып, оларды түзетуді міндеттеді.

2012 жылғы облыс бюджетінің орындалу қорытындылары туралы қаржы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ләзиза Кенжетаева ақпарат берді.
Ол көрсеткіштердің 2011 жылмен салыстырғанда жақсарғанын атап өтті. Игерілу көрсеткіші 99,4 пайызды құрап, 1,3 миллиард теңге игерілмей қалған.

– Жалпы алғанда қаржының игерілуі жаман емес, – деп атап өтті облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев. – Бірақ, жүйелі жұмыс істелсе, ұдайы бақылау жасалса, бұдан да жақсы болар еді. Әкімдер мен бағдарламалар әкімшілері бұл мәселемен ай сайын айналыспайды. Құрылыс басқармасы, облыс әкімінің орынбасары тарапынан мердігерлерге бақылау жоқ. Нәтижесінде техника мен жұмысшылар жетіспейді. Соның салдарынан көріп отырғандарыңыздай, көптеген нысандарды, әсіресе, әлеуметтік-мәдени ошақтарды, тұрғын үйлерді пайдалануға беру осы жылға қалдырылды.

Ержан Әбішев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив